ҚР Парламент Мәжілісіне Қытайдан арнайы делегация келді
«Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси өзара іс-қимылды тереңдету, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, мәдени қатынасты күшейту, сондай-ақ халықаралық және аймақтық деңгейдегі маңызды мәселелер қозғалды. Тараптар Қазақстан мен Қытай басшыларының салиқалы саясатының арқасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 25 жыл ішінде қол жеткізілген достық, әріптестік, тату көршілік қарым-қатынасты алға тарта келіп, Қазақстан Президентінің «Нұрлы жол» бағдарламасы мен ҚХР Төрағасының «Бір белдеу-бір жол» бастамасы ұзақмерзімді өзара ортақ іс-қимылдың жарқын көрінісіне айналғанын, оның табысты жүзеге асырылуы екі ел дамуына тың серпін беретінін атап өтті», - делінген Мәжіліс аппараты баспасөз қызметінің мәліметінде.
Өз кезегінде Го Гэнмао қос мемлекет арасындағы ықпалдастық барлық салада жыл сайын тереңдеп келе жатқанын, әсіресе АӨСШК, ШЫҰ сынды басқа да халықаралық ұйымдар аясында Қазақстан мен Қытай елдері қатынасының арта түскенін жеткізді.
В. Божко осы табыстарды одан әрі еселей түсу үшін екі ел парламенттерінің рөлі зор екенін айтып, парламентаралық байланысты нығайтуға назар аударды. Тараптар осындай түрлі деңгейдегі кездесулер, іс-сапарлар елдер арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыта түсетініне тоқталды. Жүздесуде Қытай мен Қазақстан арасында әсіресе, ауылшаруашылығы саласы бойынша әріптестікті ынталандыру әңгіме өзегіне айналды. Осы тақырып одан әрі Мәжілістің Аграрлық мәселелер мен Бүкілқытайлық Халық Өкілдері жиналысының Ауылшаруашылығы және ауыл істері жөніндегі комитеттер өкілдерінің жеке кездесуінде талқыланып, тұщымды ойлар айтылды. Шараға Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаров бастаған бірқатар Мәжіліс депутаттары қатысты.