ҚР Парламенті 2011-2013 жылдарға арналған бюджетті қабылдады

АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заң жобасына Парламент Сенаты енгізген түзетулерді қарап шығып, оған келісім берді.

ҚР Парламенті 2011-2013 жылдарға арналған бюджетті қабылдады

Естеріңізге сала кетейік, үшжылдық кезеңге арналған бюджет жобасы 2011-2015 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің базалық болжамы негізінде қалыптасқан. Сонымен қатар, заң жобасы Парламент Сенатында талқылау нәтижесінде үшжылдық бюджеттің негізгі параметрлері біршама өзгеріске ұшырады. Атап айтқанда, заңға сәйкес 2011 жылғы бюджет түсімдері - 4 трлн. 41 млрд. теңге, 2012 жылы - 4 трлн. 365 млрд. теңге, 2013 жылы - 4 трлн. 770 млрд. теңге болып белгіленді. Сонымен қатар шығыстар 2011 жылы - 4 трлн. 643 млрд. теңге, 2012 жылы - 4 трлн. 947 млрд. теңге, 2013 жылы 5 трлн. 52 млрд. теңге көрсеткіштері бойынша бекітілді.

Бюджеттің шығыс бөлігі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауларынан туындайтын іс-шараларды жүзеге асыруға бағытталады. Әлеуметтік саладағы бұрынғы қабылданған барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындау басты басымдық болып қала береді. Оның ішінде білім беру саласында 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламаны қаржыландыру көзделеді. Бұл бағытта барлығы 174 млрд. теңге қарастырылып отыр. Ал денсаулық сақтау саласында Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 832 млрд. теңге қарастырылады. Бұл ретте «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына алдағы 3 жылда 284 млрд. теңге қарастырылған.

Бұдан бөлек келесі жылдың бюджет тапшылығы жалпы ЖІӨ-ге шаққанда 2,8 пайыздық деңгейде анықталған. Бұл абсолюттік шамада 602 млрд. теңгені құрайды. Тапшылық 2013 жылға қарай ЖІӨ-ге шаққанда 1,5 пайызға дейін төмендейтіні болжанады. Жалпы алғанда, үшжылдық бюджет шығыстарының 45 пайыздан астамы әлеуметтік саланы қолдауға бағдарланады. Сонымен бірге, бюджет қаражатының басым бөлігі Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын іс-шараларды жүзеге асыруға бағытталады.

Тоқтала кететін жайт, Парламент Сенаты заң жобасына 125 түзету енгізген болатын. Бұл ретте республикалық бюджеттің шығысы 37 миллиардан астам теңгеге қайта бөлінетіндігі қарастырылған. Атап айтқанда, сенаторлар Үкіметтің резервін 24,8 млрд. теңгеге, Орталық сайлау комиссиясының шығысын 3 млрд. 141 млн. теңгеге қысқартып, қайта бөлген болатын.

Мәжіліс біршама талқылаудан соң Сенат өзгерістеріне келісімін берді.