18:54, 04 Наурыз 2009 | GMT +5
ҚР Премьер-Министрі Қоршаған ортаны қорғау министрлігі ұжымына ведомствоның жаңа басшысын таныстырды
АСТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің ұжымына ведомствоның жаңа басшысын таныстырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.К.Мәсімов Елбасының Жарлығымен Нұрлан Ысқақов қызметінен босатылғанын және Қоршаған ортаны қорғау жаңа министрі болып Нұрғали Әшімов тағайындалғанын хабарлады. Н.Ысқақов Үкіметке және жалпы алғанда 6 жыл қызмет атқарған ұжымына көрсетілген сенім үшін алғысын айтты. «Әрқашан да дайынмын, Президентіміздің командасында қаламын», - деп қосты ол. К.Мәсімов жаңа министрді таныстыра отырып, «бұл жеткілікті тәжірибелі адам», әртүрлі мемлекеттік лауазымдар атқарды, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері болды, деп атап өтті. «Қазір өкінішке қарай, министрлік төңірегінде көптеген проблемалар пайда болуда. Тексерілгеннен кейін түпкілікті шешім қабылданады деп ойлаймын. Тұтастай алғанда ұжым қабілетті, дұрыс жұмыс жасап келеді. Мемлекет басшысы мен Үкімет алға қойған міндеттерді шешіп, тиісті мәселелерге нүкте қою қажет», - деді К.Мәсімов.Естеріңізге сала кетейік, ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің және «Меркурий Плюс» ЖШС-ның лауазымды тұлғаларына лауазымдық қызметтерін асыра пайдаланғаны және 522,8 млн. теңге бюджет қаржысын ұрлауға қатысты қылмыстық істі тексеруде. Екі вице-министр тұтқындалды.