ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің дербес құрамы жаңартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазір Кеңестің шетелдік құрамына 34 жетекші халықаралық компания мен ұйымның басшылары, сондай-ақ байқаушы мәртебесіндегі 8 өкіл кіреді, деп хабарлайды ҚР СІМ Инвестиция комитетінің баспасөз қызметі.
Комитет таратқан ақпаратқа сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 1 шілдедегі № 306 өкімімен Мемлекет басшысының 2024 жылғы 1 қазандағы № 174 өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің дербес құрамы жаңа редакцияда бекітілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі — Мемлекет басшысының төрағалығымен жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган әрі мемлекет пен халықаралық бизнес қауымдастығы арасындағы тікелей диалогтың негізгі алаңы. Кеңес жұмысына дәстүрлі түрде әлемдегі жетекші компаниялар мен ұйымдардың басшылары қатысады. Бүгінде Кеңестің шетелдік құрамына 34 жетекші халықаралық компания мен ұйымның басшылары, сондай-ақ байқаушы мәртебесіндегі 8 өкіл кіреді.
— Кеңестің жаңартылған құрамына шетелдік тараптан жаңа қатысушылар енгізілді. Бұған дейін Кеңес жұмысына байқаушы ретінде қатысқан «Alstom» компаниясының Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірлері бойынша президенті Мартан Вожур Кеңестің мүшесі болып енгізілді. Сонымен қатар «Power International Holding» компаниясының басшысы Мұтаз Әл-Хаят Кеңес құрамына мүше ретінде қосылды. Ал «Presight AI Holding PLC» компаниясы басқармасының төрағасы Томас Прамотедхам мен Ислам даму банкінің президенті Мұхаммад Сүлейман әл-Джассер Кеңестің байқаушылары мәртебесіне ие болды, — делінген хабарламада.
Қазақстандық тараптың құрамы да жаңартылды. Кеңес құрамына Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары Әсел Жанасова, Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Байбазаров, Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев енгізілді.
Комитет мәліметінше, кеңестің дербес құрамын жаңарту мемлекет пен халықаралық бизнес арасындағы сындарлы диалогты одан әрі нығайтуға бағытталған. Кеңес жұмысына жетекші халықаралық компаниялар мен қаржы институттары басшыларының қатысуы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық капитал үшін инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыруға ықпал етеді.
Бұдан бұрын Президент бірқатар шетелдік инвесторларды мемлекеттік наградалармен марапаттағанын жазғанбыз.