15:48, 04 Сәуір 2015 | GMT +5
ҚР Президенті: «ЭКСПО-2017» ғимараттарын көрмеден кейін де пайдалану мәселесін анықтау - басты міндет
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев салынып жатқан ғимараттарды көрмеден кейін де пайдалану мәселесін Үкіметпен бірлесе отырып, анықтау басты міндеттердің бірі екендігін айтты. Бұл туралы Елбасы салынып жатқан «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінде болғанында айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.

- Кейбір елдердегі секілді нысандар бос тұрып қалмауы керек. Қонақтарға арналған баспана, қонақ үй және Конгресс-орталық мақсатты пайдаланылады. Бұл ретте, көрмеден кейін шетелдік мемлекеттердің павильондары мен өзге де көптеген орын-жайлар бос қалады. Кешен одан әрі қалай пайдаланылатынын қазірдің өзінде шешіп алған жөн. Мүмкін онда халықаралық шаралар, әскери, агроөнеркәсіптік көрмелер өткізілер. Әлемдік ірі компанияларды біздің нысандарымызды өз жұмыстарына пайдалануы үшін қызықтыру қажет. Сонымен қатар, мұнда халықаралық банктер, бұқаралық ақпарат құралдары өз кеңселерін ашуға тілек білдіруде. Жалпы алғанда, барлық ғимараттар 2017 жылдың күзінен соң әрі қарай пайдалануға берілуге тиіс, - деді Қазақстан Президенті.