ҚР Президенті: Конституция - елдігіміздің киелі кітабына айналған қастерлі құжат, тұрақтылық пен татулықтың тұғыры

АСТАНА. ҚазАқпарат - Конституция - елдігіміздің киелі кітабына айналған қастерлі құжат, тұрақтылық пен татулықтың тұғыры. Бүгін ҚР Конституциясының 20 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
None
None

«Конституция біздің барша табыстарымыздың бастауы. Елдігіміздің киелі кітабына айналған қастерлі құжат, тұрақтылық пен татулықтың тұғыры. Осы 20 жылдың ішінде Қазақстан үлкен жетістіктерге жетті. Кеңес одағы күйреп, үлкен дағдарысқа ұшыраған кезде, елімізді ары қарай жетелейтін ешқандай заң жоқ кезде, бұрынғы экономикадан жаңа нарық экономикасын көшуге жағдай жоқ кезде осы Конституцияны қабылдап, 20 жылдың ішінде ұлы табыстарға ие болдық», - деді ҚР Президенті.

Елбасы өз сөзінде осы уақыт аралығында Қазақстанның экономикасы 20 есе, халықтың әл-ауқаты да сонша есе өскенін атап өтті.

«Қазақстан дүниежүзіне белгілі ел, халық болды. Бізді сыйлайды, қолдайды. Біз дүниежүзіндегі үлкен ядролық полигонды жапқан тұңғыш елміз. Біз өз еркімізбен ядролық қару-жарақтан айырылдық. Сондықтан Қазақстанды бүкіл дүниежүзіндегі бейбітшілікке бастайтын елдің бірі ретінде бүкіл әлем сыйлайды, құрметтейді. Соның арқасында біз жедел реформалар жүргіздік», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы өз сөзінде елімізге 200 млрд. доллардан астам инвестиция тартылғанын да баса айтты.

«Бүгін Қазақстан Кеңес одағынан кейінгі елдердің арасында экономика, реформа, өзінің дүниедегі орны, деңгейі жағынан да алдыңғы қатарлы мемлекет болып саналады. Сондықтан осының барлығы Конституциямыздың арқасында заңмен шешілген мәселе. Құтты болсын деймін», - деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар