ҚР Президенті салтанатты жағдайда Алматыдағы №180 жалпы білім беру мектебін ашты
АЛМАТЫ. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматының Алатау ауданында жаңадан бой көтерген №180 жалпы білім беру мектебін салтанатты жағдайда ашты.
«Алатау ауданы 300-400 мың адам тұратын үлкен қала болғалы тұр. Онда өндіріс орындары мен халыққа қызмет көрсететін барлық әлеуметтік мекемелер болады. Сондай-ақ 2017 жылы Алматыда өтетін Универсиада ойындарының қалашығы салынады», - деді Елбасы.
Н.Назарбаев мектеп басшылығымен, мұғалімдермен және оқушылармен кездесті. Одан кейін оқу кабинеттерін аралап көрді.
№180 мектептің жалпы аумағы 8600 шаршы метрді құрайды. Үш қабатты ғимараттың құрылысына 1 млрд. 600 млн. теңге қаржы жұмсалған. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған білім ордасында 21 интерактивтік тақта, 4 информатика кабинеті, 4 лингафонды кабинет, 6 мультимедиялық кабинет бар. Құрылғанына 4 жылдан астам уақыт өткен Алатау ауданында бұл жаңадан ашылған тоғызыншы мектеп болып отыр.
Жалпы қалада кейінгі үш жылда 40-қа жуық білім ордасы салынып, пайдалануға берілген болатын.