ҚР Президенті ШҚО-ның бірқатар индустриялдық жобаларымен танысты
ЕМЕН. 25 наурыз. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Бүгін Өскеменде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің индустрияландыру картасына енген индустриялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Өңірдегі индустриялық бағдарламаны жүзеге асырудың негізгі аспектілерін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев баяндап берсе, кейіннен Мемлекет басшысы қалалық сүт зауыты ғимаратында орналасқан бірқатар жобалардың ерекшеліктерімен таныс болды.
Облыс әкімі өңірдің инвестициялық жобаларға салынған инвестиция көлемі бойынша ең нәтижелі аймақ болып табылатындығын атап өтті. Мысалға, «Қазцинк» мыс қорыту және электролиз зауытының құрылысына ғана 124,5 млрд. теңге инвестиция салынған. Жалпы алғанда, аймақта құны 493,2 млрд. теңге болатын 29 инвестициялық жоба іске асырылуда, оның ішінде 8 жоба республикалық индустрияландыру картасына енген. Жалпы құны 138,9 млрд. теңге болатын 12 инвестициялық жоба қатарға қосылып үлгерген.
670 жаңа жұмыс орны құрылса, орташа еңбекақы мөлшері 83 мың теңгені құрайды. Жобалармен танысу барысында Елбасы «Үлбі металлургия зауыты», «Kazfoam» ЖШС, «Ядролық технологиялар паркі» АӨ, «Өскемен арматура зауыты» мен «Қызыл Голд» жобаларына ерекше назар салып, тоқталды. Мысалға, Үлбі металлургия зауыты бас директорының міндетін атқарушы Юрий Шахворостов Мемлекет басшысына «Қазатомөнеркәсіп» ҰҚ» АҚ-ның жылу сорғылар жобасын таныстырды.
ҚР Президенті облыс әкімінің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудағы атқарған жақсы жұмысын атап өтіп, кейін өндірісшілермен туындап отырған мәселелер жайлы әңгімелесті.