ҚР Президентінің Архиві Электронды архив құруда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві өндірістік қызметін толықтай модернизациялауға және Электронды архив құруға кірісті. Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Жапаровтың айтуынша, қазіргі уақытта Архивте Ақпараттандыру Концепциясы мен Бағдарламасы толық кешенде жүзеге асырылуда, яғни Ұлттық архив қоры құжаттарын жаппай цифрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, зерттеушілер үшін «виртуалды оқу залының» ақпараттық құрылымы мен моделі құрылған.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мемлекет Басшысының жарлығымен 1994 жылы құрылған болатын. Аталған архив Қазақстан Республикасы Президентінің, оның Әкімшілігінің және мемлекет басшысына тікелей бағынатын басқа да мемлекеттік органдардың қызметін ақпараттық-архивтік қамтамасыз ету саласында негізгі міндеттерді атқарады.
Архивтің 2021 жылға дейінгі жоспарында 1 категорияға жататын архив істерін яғни, аса құнды және зерттеушілер тарапынан сұранысқа ие тарихи құжаттарды цифрлік форматқа көшіру мақсаты тұр. Бұндай істердің жалпы саны 160 мың бірлік. Қазіргі таңда архивте 62 мың сақтау бірліктері сандық форматқа көшірілді. Бұл барлық материалдардың 37 пайызын құрайды. Айта кетейік, архивте барлығы 789 мың материал бірлігі сақталуда. Оған қоса, бұнда жыл сайын 7 мыңға жуық сақтау бірлігі қабылданып тұрады. Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінің басты ерекшелігі, мақтанышы -бұнда 1917-2013 жылдар аралығын қамтитын құжаттар сақталуда.
Осы ретте айта кетейік, 1994 жылдан бастап, осы уақытқа дейін архивтің Оқырман залында 5,3 мыңнан астам ізденуші жұмыс істеді. Себебі, Архивтегі құжат саны мен сапасы жоғары. Қазақ АКСР-нің құрылуы, тоталитарлық режим кезеңіндегі күштеп ұжымдастыру мен саяси қуғын-сүргінге ұшырату, өлкені индустрияландыру, қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарды Қазақстанға жер аудару тарихы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы құжаттар Архивте сақтауда бар.
Архивтегі оқырман залында отандық және шет елдік зерттеушілер жұмыс жасайды: оның ішінде Ресейден, Украинадан, Армениядан, Өзбекстаннан, АҚШ, Ұлыбританиядан, Канада, Германия, Жапония, Франция, Италия, Польша және Румыниядан келеді.
Сонымен қатар, заман талаптарына сай, ҚР Президенті Архивінің www.archive.president.kz сілтемесі бойынша ресми веб-сайты қызмет етеді. Сайтта 33 виртуалдық тарихи-құжаттық көрмелермен танысуға болады. Оған қоса, «Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақстандық әскери тұтқындары» атты республикалық деректер базасы да бар. Бұл деректер базасы www.tutkyn.kz деген атаумен онлайн нұсқада қолжетімді. Сондай-ақ, www.asharshylyq.kz сілтемесі бойынша, «Қазақстандағы 1930 жылдарғы ашаршылық: құжаттар мен фактілер» ашаршылық құрбандары есімдерін тарихқа қайтару мақсатында, деректер арқылы анықталған бастапқы құрбандар есімдері орналастырылды.
Халықаралық тәжірибе алмасу мақсатында, 2015-2017 жылдарда Архивтің қызметкелерлері Ресей, Германия, Оңтүстік Корея және АҚШ-тың алдыңғы қатарлы архивтерінің қызметімен танысты. Олар дамыған мемлекеттерде архив жүргіәзу қызметінің алдыңғы қатарлы технологияларын меңгерді. Ал биыл қазан айында ҚР Президентінің Архивінде Архивтерді ақпараттандыру мәселелеріне арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың қаңтарында Архивтің 2017-2019 жылдарға арналған Ақпараттандыру бағдарламасы бекітілді.