ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлықтарын беру және гранттарын тапсыру жөніндегі қоғамдық комиссияның отырысы өтті
АСТАНА. Маусымның 23-і. ҚазАқпарат - Ақордада Баспа, телевидение және радио күніне орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы 2009 жылғы сыйлықтарын беру мен гранттарын тапсыру жөніндегі қоғамдық комиссияның отырысы болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Комиссия құрамында Парламент депутаттары, бірқатар мемлекеттік органдар мен медиа-холдингтердің басшылары, мемлекеттік және мемлекеттік емес БАҚ-тардың бас редакторлары, ақпарат және баспасөз саласындағы жетекші сарапшылар бар.
Отырыста қоғамдық бірлестіктерден, бұқаралық ақпарат құралдарынан, шығармашылық одақтар мен мемлекеттік органдардан келіп түскен көптеген ұсыныстар қаралды.
Қоғамдық комиссия президенттік сыйлық пен грант алуға үміткерлер кандидатураларын мұқият қарастырып, олардың материалдарымен таныса келе, Мемлекет басшысына тиісті ұсыныстар енгізді.