ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли: Бүгінгі Тамыз конференциясынан не түйдік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Тамыз конференциясы туралы ойларымен бөлісті. Ол туралы Берік Уәли өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат


Төр  қайда, кресло  қайда?

Мына бірінші суреттен, сахнадан не байқадыңыздар? Көпшілік осыған мән бермеді ау деймін. Байқасаңыздар биік мінбер жоқ. Президент, ПӘ басшысы, Үкімет басшысының орынбасары, министр және басқа да білім саласының қызметкерлері бір деңгейде отыр. Яғни, бәрі мұғалімдердің алдында, бір-бір «партада» отыр. Төрге шығып, өзгенің төбесінен төніп отырған кресло жоқ. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының ұстаздарға деген құрметі деп ойлаймын. «Ұлық болсаң, кішік бол!» деген осындай болар.

Орынсыз  қошемет  жоқ

Екінші видеода Президент сөз сөйлеп тұр. Білім саласындағы өзекті мәселелерді көтерді, ұстаздар қауымына жасалатын жақсылықтар, оқушыларға, жастарға қойылатын талаптар, ғылымның күйі және т.б.. Ешқандай ду-ду еткен қол шапалақ жоқ. Неге? Өйткені, оны Мемлекет басшысы қажет етпейді. Тіпті, бір-екі жерден шапалақ ұрылып еді, Президент сөзін үзген жоқ. Одан арысын залдағылар да түсінді.

Мақтаусыз  баяндамалар

Сөз сөйлегендер нақты өзі істеп жүрген жұмыстарын, білім мен ғылымды дамытудың қадамдарын, өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты. Мемлекет басшысын жатта кеп мақтау, мадақтау жоқ. Шыны керек, Қасым-Жомарт Кемелұлы өзіне мадақтау айтыла бастаса қатты қысылып, өзін ыңғайсыз сезінетін адам. Сол себепті де, көпіртіп мадақтап, көлгірсіп сөйлегенді ұната бермейді. Жалпы, алдағы уақытта да Президенттің өзін жат та кеп мақтап, мадақтаудан гөрі, айтқан сөздеріне, оның маңызы мен мазмұнына, көтеріп отырған мәселенің өзектілігіне көңіл бөлінгені жөн болар еді.

Жалаң  ұрандар  мен  банерлер

Естеріңізде болса, Президент көктемдегі сұхбаттарының бірінде ешқандай да банерлер мен суреттерін ешқайда ілдірмейтінін айтқан болатын. Тіпті, Маңғыстауға сапары барысында өзінің суреттері бар банерлер ілінгенін көріп, бірден алдырып тастаған болатын. Сол үшін аймақ басшысы сөз естіп те қалған еді. Міне, 5 күннен кейін Қасым-Жомарт Кемелұлының Мемлекет басшысының қызметіне кіріскеніне 5 ай болады. Қай аймақта, немесе қай кеңседе Қ.Тоқаевтың суреті ілініп, банері қыстырылды? Жоқ. Бүгін де солай болды. Ешқандай жалынды ұрандар мен жалпақ банерлер жоқ. Бәрі қарапайым.

Анық  айтты,  нақты  тапсырмалар  берді

Президент білім саласындағы барлық түйткілді мәселелерден хабардар екенін байқатты. Үш тілді білім беруге қоғамның дайын емес, ата-аналар наразы екенін, үш ауысымды мектептердің мәселесі шешілмегенін, 12 жылдық білімге бірден ауысып кете алмайтынымызды, ғылымның сын көтермейтінін, әсіресе, мұғалімдердің мүшкіл жағдайы мен жергілікті биліктің ұстаздарды әлі де орынсыз «жұмсап» отырғанын бәрін біледі. Осыларды жою үшін Үкіметке 8 нақты тапсырма берді. Яғни, Мемлекет басшысы «жауырды жаба тоқып» отырған жоқ. Проблеманы ашып көрсетті, шешу жолдарына бағыттады. Ендігі үміт Үкіметте.

«Кішіпейілділік кісіліктің  белгісі»

Аймақтан келген қарапайым мұғалімдер Президенттің қасына келіп, рұқсат сұрап суретке түсіп жатты. Ешкімге жоқ деген жоқ. Тіпті, қал-жағдайларын сұрап, мейілінше өзінің қарапайымдылығын көрсетті. Одан кейін, білім саласына еңбегі сіңген ұстаздарды марапаттады. Жалпы Қасым-Жомарт Кемелұлы расында жомарт. Мен бұны жағымпазданып жазып отырғаным жоқ. Ол кісінің табиғаты сондай. Оған көзім жетті. Естеріңізде болса, көктемде осы лауазымға кірісе салысымен бүкіл аймақтарды аралап шықты. Сонда қай облысқа барса да, сол елге еңбегі сіңген қарапайым еңбеккерлерді марапаттап, қолдарын алып, алғысын білдіріп жатты. Бұл жол 5 ұстазға өз қолымен бергенімен, бүгін жалпы білім саласының 14 қызметкері Президенттің қолы қойылған марапаттарға ие болды.

Айтайын дегенім, «өзгерісті өзіңнен баста» деген қағида бар ғой. Мемлекет басшысы елді өзгертуге қарай бірнеше қадам жасады, енді қоғам да мейілінше өзгеруге, қарапайымдылыққа, еңбекқорлыққа қарай ұмтылса екен деген тілек!

Соңғы жаңалықтар
telegram