ҚР СІМ қазақстандықтарға кем дегенде тағы бір апта Мысырға бармай тұра тұру жөнінде ұсыныс жасады
«Мысыр еліндегі қазіргі жағдайға байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігінің Қазақстан азаматтарына аса шұғыл болмаған жағдайда Мысырға сапар жасамау туралы айтылған ұсынысы ағымдағы жылдың 21 ақпанына дейін ұзартылды», - делінген ведомствоның ресми мәлімдемесінде.
Естеріңізге сала кетейік, 7 ақпанда ҚР СІМ Қазақстан азаматтарына Мысырға сапарға шықпауға кеңес берген болатын. «Кеше, бүгін Мысырдағы жағдай сәл тұрақтана бастаған секілді. Соған қарамастан, ондағы ахуал күрделі болып қалуда. Сондықтан біздің азаматтарға Мысырға әзірше бармау жөнінде кеңес береміз», - деп атап көрсеткен болатын ҚР СІМ-нің ресми өкілі 7 ақпандағы брифингте.
Айта кетейік, Мысырды 30 жыл басқарған Хосни Мүбәрак екі аптадан уастам уақытқа созылған халықтың жаппай толқуынан кейін 11 ақпанда биліктен кетті. Оның тақты қалдыруына елдегі экономикалық және әлеуметік жағдайдың нашарлап кетуі, ішкі қауіпсіздік жүйесіндегі олқылықтар ықпал етті. Хосни Мүбәрак билікті Мысырдың Қарулы Күштерінің Жоғарғы кеңесіне берді. Өз кезегінде әскерилер ел конституциясының күшін тоқтатып, Парламентті таратып жіберді және жарты жылдың ішінде демократиялық сайлаулар өткізіп, мемлекетті басқаруды легитимді билікке беруді қамтамасыз етуге уәде беріп отыр.