ҚР СІМ: Ядролық қарусыз әлем декларациясы - Қазақстанның қауіпсіздікті сақтауға қосқан ерен үлесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы 7 желтоқсан күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ Жалпыға ортақ Ядролық қарусыз әлем жөніндегі резолюцияны қабылдады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Барлыбай Садықов мәлім етті.

ҚР СІМ: Ядролық қарусыз әлем декларациясы - Қазақстанның қауіпсіздікті сақтауға қосқан ерен үлесі

«Декларацияның маңызды тармақтарының бірі Қазақстан Президентінің ядролық қаруды жетілдіруге және оны сақтауға бағытталатын қаражаттарды тұрақты даму мақсаттарына, адамзатты кедейшіліктен арылтуға бағыттау жөніндегі ұсынысы болды. Н.Назарбаев аталмыш бастаманы 2010 жылы сәуірде Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік саммитінде жариялаған болатын», - деп атап өтті Б.Садықов.

Оның сөзіне қарағанда, сол уақыттан бастап, ҚР СІМ Мемлекет басшысының бастамасын іске асыруда жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Осылайша, әр түрлі форумдарда, бірінші кезекте БҰҰ және басқа да аймақтық іс-шараларда, платформаларда, БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында шешім қабылдау мақсатында тиісті құжаттарды әзірлеуге бағытталған саяси консультациялар өтті.

«БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпыға ортақ декларациясының қабылдануы әлемдік қауымдастықтың Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздану бойынша көтерген бастамаларының маңыздылығын мойындағандығын білдіреді. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдік қауіпсіздікті сақтаудағы ерен үлесі болып саналады», - деді елші.

Б.Садықовтың атап көрсеткеніндей, Декларация ядролық қару қолдану қауіптерін алдын алуға бағытталған нақты істерге көшуге шақырады.

Еске сала кетейік, 2015 жылы 28 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында Мемлекет басшысы барша мемлекеттерге «Ядролық қарусыз бейбіт әлемді құру - адамзаттың XXI ғасырдағы мақсаты етуді» ұсынған болатын және жалпыға ортақ Декларацияның қабылдануы аса маңызды қадам екендігін ерекше қадап айтты.