ҚР Статистика агенттігі төрағасының орынбасары Ұлттық халық санағын өткізуге бөлінген мемлекеттік қаражатты жымқырды деген айыппен қамауға алынды

АСТАНА. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - ҚР Статистика агенттігі төрағасының орынбасары Нұрман Баянов үстіміздегі жылы өткізілген Ұлттық халық санағына мемлекеттен бөлінген қаражатты жымқырды деген айыппен тұтқынға алынды.
None
None
Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.2009 жылғы ақпан-наурыз айларында Қазақстан Республикасында Ұлттық халық санағын өткізуге мемлекеттік бюджеттен 1 млрд. 144 миллион теңге бөлінді. Қаржы полициясы аталған бюджет қаражатын мақсатты пайдалану бойынша жедел-тергеу іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде Статистика агенттігінің лауазымды тұлғалары бөлінген қаражатты алдын-ала асырып көрсеткенін, тіпті кейін оны ысырап еткенін анықтады.М.Жұманбайдың атап көрсеткеніндей, бүгінде Статистика агенттігі төрағасының орынбасары Н.Баяновқа қызмет бабын пайдалана отырып халық санағын өткізуге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын талан-таражға салды деген айып тағылып, ол мамырдың 28-і күні сот санкциясымен қамауға алынды. «Ұлттық халық санағы шын мәнінде 379 миллион теңгеге өткізілгені, ал қаражаттың 764 млн. 800 мың теңге мөлшеріндегі бөлігі лауазымды тұлғалар мен жеке кәсіпорындардың басшыларымен ысырап етілгені анықталып отыр. Мәселен, Статистика агенттігі санақ жүргізу құрал-жабдықтары бойынша мемлекеттік сатып алулар туралы ашық конкурсты жариялаған. Оған қатысуға 14 ұсыныс келіп түскен, оның ішінде Санкт-Петербор қаласының «Типография Взлет» жабық акционерлік қоғамының ұсынысы да болған. Алайда «Киік фирмасы» ЖШС ұсынысынан басқа 13 ұсыныс Н.Баянов төрағалық еткен конкурстық комиссиямен негізсіз қайтарылып, конкурс жарамсыз деп танылған», - дейді ол.Яғни, лауазымды тұлғалар өздерінің қылмыстық пиғылдарын жүзеге асыру мақсатында санақ жүргізу құрал-жабдықтарын бір «қайнар-көзден» сатып алу туралы шешім қабылдаған. Ол - жоғарыда аталған «Киік» фирмасы.Ал аталмыш фирма құрал-жабдықтарды 3 фирма арқылы 183 млн. 300 мың теңгеге Санкт-Петербор қаласының «Типография Взлет» жабық акционерлік қоғамынан сатып алған. «Киік» фирмасының өзі құрал-жабдықтарды тек 144 млн. 900 мың теңге сомасына дайындағаны анықталды.«Оның үстіне, бюджеттік сұранысты дайындау кезінде Статистика агенттігінің лауазымды тұлғалары жалған бағалық ұсыныс негізінде бір бланкінің құнын 15 теңге деп көрсеткен, бюджеттік сұраныс қабылданған соң Н.Баянов бір бланкінің құнын 7 теңге деп бекіткен, дәл сатып алудың алдында бұл сома Н. Баяновпен негізсіз 17 теңгеге тағы ауыстырылған», - деді ресми өкіл.Нәтижесінде Агенттіктің бюджеттік сұраныста артық көрсетілген 764 млн. 800 мың теңге ысырап етілген, оның 497 млн. 800 мың теңгесі жалған кәсіпорындардың есеп-шоттары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған. Бүгінгі күні барлық кәсіпорындарда кешенді тексерулер жүргізілуде, олардың есеп-шоттарына тиым салынды.Ағымдағы жылдың маусымның 2-де «Киік фирмасы» ЖШС бас директоры Александр Нисанов қамауға алынды. Оған аталған бюджет қаражатын ұрлауға ықпал етті деген айып тағылып отыр.Жоғарыда аталған бюджет қаражатын талан-таражға салуға қатысты деген күдікпен осы күні сондай-ақ Статистика агенттігі төрағасының орынбасары Бірлік Меңдібаев пен «Киік фирмасы» ЖШС-ның құрылтайшысы Серік Тұржанов ұсталды. Іс бойынша тергеу жүргізілуде. Агенттік орынбасарларына қатысты жүргізілетін тергеу амалдары барысында бұл іске Агенттік төрағасының қатыстылығы да анықталатын болады.
Соңғы жаңалықтар