ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шығыс Қазақстан облысына келді
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат – Апат айтып келмейді, бірақ оған әзір болу керек. Шығыс Қазақстан облысына сапармен келіп, су тасқынынан зардап шеккен аудандарды өз көзімен көруге ниет қылған ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко осылай деп санайды.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысында күннің күрт жылынуынан және қардың тез еріп кетуінен бірқатар елді мекендерді жайылма су басып қалды.
Зардап шеккен аудандардың тұрғындарымен әңгіме барысында В.Божко жергілікті өкімет орындары табиғаттың бұл апатына қарсы тиісті шараларды шұғыл қолдана білгенін атап өтті. «Енді жергілікті тұрғындардың өз шаруашылығын және үйлерін қалпына келтіруге белсене көмектесу қажет», - деді министр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесуде министр жуық арада облысқа су тасқыны бойынша мамандар келіп, су басқан жерлерді қарап, селден қорғану мүмкіндіктерін қарастыратынын айтты. Қазір зардап шеккен үйлер мен шаруашылық құрылыстарының тізімі мен бұл туралы актілер жасалуда. Кейбір аудан әкімдері осымен іс бітті деп отырғанға ұқсайды. «Аудандық билік орындары қол қусырып қарап отырмай, тиісті қаржыландыру бөлінуі жағдайын ойластырулары тиіс. Үкімет су тасқынына қарсы шараларға 450 млн. теңгеден астам қаржы бөлді. Бұл ақшаны орнымен жұмсай білу қажет», - деді әкім.Сапар барысында Төтенше жағдайлар министрі Алакөлдегі жағалауды бекіту жұмыстарымен танысты. Бұл жерде осы шараларды қаржыландыру мәселесі өткір тұр. В.Божконың айтуынша, қажетті қаржы бөлінеді. Бастысы ? уақыт жоғалтпай, жергілікті халықты су тасқынынан қорғау болмақ.