ҚР тұңғыш Президенті күнін БҚО соты да кеңінен атап өтпекші
Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, осыған орай өткен басқосуда облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Мирамбек Нағашыбаев хабарлама жасап, мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Ол өз сөзінде Тұңғыш Президент күнін мерекелеудің негізгі мақсаты тәуелсіздік жылдарында елдігіміздің іргетасын қалыптастырған және нығайтқан мемлекет басшысының жасампаз идеясы мен сарабдал саясатының айналасына қоғамды біріктіре түсу екендігін атап көрсетті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көрегендік саясатының нәтижесінде тәуелсіз Қазақстан Орталық Азия мен ТМД аумағында алдыңғы орынға шығып, халықаралық қауымдастықта лайықты беделге ие болды. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары сақталып, ұлтаралық келісім салтанат құрды. Азаматтық қоғамның қалыптасуы үшін құқықтық әрі әлеуметтік-экономикалық жағдайлар жасалды.
Тұңғыш Президент күнін мерекелеу аясында соттарда түрлі ізгілік акциялары өткізіліп, кеңінен ақпараттық насихат жұмыстары жүргізілмек.