ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында «Бабалар аманаты» атты көрме мен «Қазақтың дәстүрлері. Нәрестенің дүниеге келуі, балалық шағы және үйленуі» альбомының тұсаукесер рәсімі өтті

sp;АСТАНА. Желтоқсанның 23-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында Ұлан Жәкеевтің коллекциясынан алынған суретші Ералы Оспанұлының кескіндемелер сериясы бойынша «Бабалар аманаты» атты көрме мен «Қазақтың дәстүрлері. Нәрестенің дүниеге келуі, балалық шағы және үйленуі» альбомының тұсаукесер рәсімі өтті.
None
None

Салтанатты шара барысында сөз сөйлеген мұражай директоры Алма Сағынғали көрменің еліміздің ең басты мерекесі - Тәуелсіздік күніне арналғандығын және  суреттер көне мұраларды жинаушы Ұлан Жәкеевтің коллекциясынан алынғанын атап өтті.

«Салт пен дәстүр әлемнің барлық халқында да бар. Онда халықтың әдет-ғұрпы, ұлттық ерекшелігі көрініс тапқан. Әрбір дәстүрдің байыпты мән-мағынасы, терең философиясы, тарихы және ерекше сұлулығы бар. Осының барлығын бүгін тұсауы кесіліп отырған Ералы Оспанұлы мен Ұлан Жәкеевтің альбомынан байқауға болады», деді өз сөзінде ол.

«Менің қазақ халқының салт-дәстүрлеріне қызығушылығым ертеректе оянып, жылдан-жылға ұлғая түсті. Кейбір дәстүрлеріміздің ұмыт бола бастауы қатты толғандырды. Осыған орай қазақ халқының салт-дәстүріне қатысты ХІХ, ХХ ғасырлардағы әдебиеттерді, Кеңес дәуіріндегі раритеттік кітаптарды жинастырдым. Сондықтан біздің жұмысымыз шағын ғана топтың емес, өскелең ұрпақ үшін де қызықты болатындығына сенімдімін», деді Ұ.Жәкеев.

Оның айтуынша, қылқалам шеберінің өнер туындылары әлемге танымал «Кристи» аукционында ұсынылып, жоғары бағаланған.

Мыңдаған жылдар бойы қазақ халқының өмірі мен тұрмысына арқау болған, салты мен санасына бағыт-бағдар беретін әдет-ғұрып, салт-дәстүр сияқты қазақи мінез бен тұрмыс-тіршілік баяндалатын бірегей құндылықтардың авторы Е.Оспанұлының айтуынша, көрмеге қойылған суреттерді салу ағымдағы жылдың қаңтар айында басталып, бүгінгі күні толығымен аяқталған. Көрмеге қазақ халқының «Қыз алып қашу», «Бәсіре», «Шілдехана», «Құда қайтар», «Өгізге теріс мінгізу», «Күйеу белгі», «Құда күтер», «Жаушы», «Байғазы», «Сүндет», «Ашамайға мінгізу», «Тұсау кесу», «Үзеңгіден өткізу», «Иткөйлек» сияқты салт-дәстүрлері бейнеленген 40 кескіндеме қойылған. Қылқалам шебері болашақта қазақ халқының діліне, тегіне, дүниетанымына қатысты 15 сурет салуды жоспарлап отыр.

«Бұрынғы уақытта киіз үйде тұрған бабаларымыз оның есігін, уығын, шаңырағын, керегелерін, сықырлауығын сүйектері деп атаған. Менің ойымша, осы қазақтың салт-дәстүрлері қазақтың сүйектері сияқты. Сүйегіміз аман болса ет бітеді», деді көрмеге қойылған туындылардың авторы.

Тамырын тереңге жіберіп, бастауын көне ғасырлардан алатын қазақ халқының ұлттық мәдениеті ішкі әралуандығымен, айшықтау құралдарының молдығымен ерекшеленеді.

Соңғы жаңалықтар