09:08, 30 Қыркүйек 2010 | GMT +5
ҚР Туризм және спорт министрлігі облыс әкімін құттықтады
ТАЛДЫҚОРҒАН. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Түркияда өткен әлем біріншілігінде қазақстандық ауыр атлет қыз Майя Манеза 63 келіге дейінгі салмақ санатында әлемдік рекорд (143 келі) орнатқанын және екі дүркін әлем чемпионы атанғанын (2009 және 2010 жылдар) бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз.
Осыған орай Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтың атына Туризм және спорт министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаевтан құттықтау келіп түсті.
«Ауыр атлетикадан әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, әлем чемпионы атағын жеңіп алған және жаңа әлемдік рекорд орнатқан жерлестеріңіз Майя Манезаның үлкен жетістігімен Сізді шын жүректен құттықтаймын. Алматы облысында спортты дамытуға аударып отырған назарыңыз үшін Сізге алғысымды білдіремін, осының арқасында отандық спортымыз жыл сайын жаңа дарынды жұлдыздармен толығып келеді. Әлеуметтік-экономикалық даму жолында Сіздің өңірдің әрі қарай гүлдене беруіне тілектеспін», делінген жеделхат мәтінінде.