ҚР Үкіметі елімізге шетелдік инвестиция тарту бойынша саясатты барынша қолдайды - Ә. Исекешев

АСТАНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстан Үкіметі елімізге шетелдік инвестиция тарту бойынша саясатты барынша қолайды және кедергілерді жою бойынша жұмыстарды жалғастырады. Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев айтты.

ҚР Үкіметі елімізге шетелдік инвестиция тарту бойынша саясатты барынша қолдайды - Ә. Исекешев

«Соңғы екі жылда Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ) бірлесе айтарлықтай үлкен жоба жүргізіліп, қазіргі кезде ол аяқталды. Қазақстан аталған ұйымға кіру бойынша белсенді жұмыс атқаруда»,-деді ол.

ЭЫДҰ дамыған елдердің клубы екенін ескеріп өткен министр, сондықтан Қазақстанның инвестициялық комитетке енуі көптеген инвесторларға жол ашатынын, еліміздегі инвестициялық климат стандарттары өте жоғары екенін атап өтті.

Атап айтқанда, бүгін Астанада Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Қазақстан Республикасының Үкіметіне зерттеулер нәтижелерін және олардың негізінде түзілген инвестициялық заңнаманы жетілдіру және инвестициялық саясатты үндестіру бойынша ұсыныстарының таныстырылымын өткізді. ЭЫДҰ агроөнеркәсіптік кешенде қаржыландыру жүйесін жақсарту; ақпараттық технологиялар (АТ) саласында кәсіпкерлікті дамыту; инвестициялар тартудың салалық стратегияларын жүзеге асыру есебінен экономиканың кен өндіруден басқа барлық салаларына инвестициялар тарту бойынша ұсыныстар дайындады.

Вице-премьер атап өткендей, ЭЫДҰ зерттеулері Қазақстанға келетін тікелей шетелдік инвестиция көлемдерін бұдан әрі арттыру үшін және, тұтастай алғанда, инвестициялық климатты жетілдіру үшін өте құнды.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, шикізаттық емес секторға инвестициялар тарту мәселесінде ЭЫДҰ талдаушылары 12 ұсынысты таныстырды. Олардың 5 бойынша Қазақстан Үкіметі жұмыстар жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, бұлар мынадай бағыттар: Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі тетігі арқылы инвесторлардың инфрақұрылымдық жобаларға қатысуын кеңейту; зияткерлік меншікті қорғауды бұдан да тиімдірек реттеу; бизнесті жауапкершілікпен жүргізу тәжірибесін енгізу (қызметтің экологиялық және басқа қаржылық емес көрсеткіштері бойынша ақпаратты ашып көрсету талаптарының таралуы); бизнеске әкімшілік және коррупциялық жүктемені төмендету (лицензиялар алу, шетелдік жұмысшыларды жұмысқа орналастыру тәртібін қарапайымдандыру); сауда саясатын либерализациялау (сауда операцияларын орындау үшін қажет құжаттар тізімін қысқарту, кедендік мәліметтерді өңдеу жүйесін автоматтандыру, жемқорлықпен күресті күшейту).

Қалған 7 ұсыныс бойынша тереңірек зерделеу және мүдделі министрліктермен және ведомстволармен қосымша пысықтау талап етіледі. Бұлар: ҚР ұлттық мүдделерін (ұлттық қауіпсіздігін) сақтауды ескере отырып, шетелдік инвесторлардың ауыл шаруашылығы мақсаттарындағы жер ресурстарына қолжетімділігін кеңейту; экономиканың жекелеген секторларында (телекоммуникациялар, БАҚ, банк секторы, көлік) шетелдік инвесторлар үшін кедергілерді азайту; өңдеу секторындағы инвесторлар үшін заңнама тұрақтылығы нормасын енгізу; жергілікті қамтуға қойылатын талаптардың оңтайлылығын және шынайылығын қамтамасыз ету; халықаралық арбитраждармен өзара әрекеттестік тәжірибесін жақсарту; инвестициялар үшін салықтық және кедендік режимдерді жақсарту; мемлекеттік кәсіпорындарда және мемлекеттік қатысу бар кәсіпорындарда корпоративтік басқарудың нарықтық қағидаларына жақындау.