ҚР Үкіметінде 2009-2010 жылдардың жылыту маусымына әзірлік мәселелері бойынша селекторлық кеңес өтті

АСТАНА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Ахметовтің төрағалығымен 2009-2010 жылдардың жылыту маусымына әзірлік және «тұрғын үй-коммуналдық» шаруашылық бағыты бойынша Жол картасын жүзеге асыру мәселелеріне арналған селекторлық кеңес өтті,
None
None

деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Кеңесте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова, Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, ҚР Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік Нөкин баяндамалар жасады.

Кеңесте жылыту маусымына әзірліктің қарқыны баяу екені аталып өтілді. Атап айтқанда, Алматы қаласы, сондай-ақ Жамбыл, Павлодар және Ақмола облыстары бойынша жылу құбырларын, электр желілерін және тұрғын үйлерді даярлау орта есеппен 50 пайызға орындалған.

Жылыту маусымына энергия беретін стансыларды - жылу-электр орталықтарын, қазандықтарды әзірлеу мәселелері бөлек қаралды.

Кеңесті қорытындылай келіп, С.Ахметов бүгін қаралып отырған мәселелердің маңызын атап көрсетті. Ол 2010 жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлу де осылайша Жол картасы бойынша жүргізілетінін атап өтті. Бұл орайда әкімдіктерге республикалық бюджеттен қаражаттар жергілікті бюджет қаражаттарына теңбе-тең түрде ғана қарастырылады.

С.Ахметов аймақтардың жауапты басшыларына жылыту маусымының басталуына дейінгі қалған уақытта тұрғын үй қорын, әлеуметтік сала нысандарын, ең алдымен - мектептерді, ауруханаларды, балабақшаларды, бюджеттік саланың басқа да нысандарын, өндірістік нысандар мен коммуналдық сала кәсіпорындарын күзгі-қысқы жұмысқа әзірлеу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар