ҚР Ұлттық банкі дағдарысқа қарсы кешенді шаралар қарастырады - О.Смоляков

АСТАНА. ҚазАқпарат 2007-2008 жылдардағы әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстан шығу үшін халықаралық және барлық ұлттық реттеуіштер жүйеқұраушы институттар, соның ішінде банктерді реттеудің циклдылығын төмендету қажеттілігіне қарай қадам жасаған болатын.

ҚР Ұлттық банкі дағдарысқа қарсы кешенді шаралар қарастырады - О.Смоляков

Сондықтан да, ҚР Ұлттық банкі реттеуші әсерді оңтайландыру жөніндегі контрциклды саясатқа өтуді қарастырады. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков мәлім етті.

Оның айтуынша, мұндай саясаттың басты міндеттері экономиканың ішкі кредиттеуін ынталандыру, банктік заемдық қызметтердің үздіксіз болуын қамтамасыз ету және бизнес үшін банктік қарыздардың қолжетімділігіне қосымша мүмкіндіктерді құру.

«Осы дағдарысқа қарсы саясат аясында ҚР Ұлттық банкі тарапынан қысқа және орта мерзімді сипаттағы жүйелі шаралар кешені қарастырылуда. Олардың арасында өзіндік капиталдың жеткіліктілігі жағдайында ауыртпашылықтарды төмендету, ипотекалық кредиттер, шағын және орта бизнес кредиттері бойынша талап етілетін капиталдық резервтерді азайту шаралары қамтылмақ», - деп нақтылайды Бас банкир орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, реттеуіштердің бұл шешімі халықаралық стандартармен келісілетін болады. «Бұл ретте капиталдардың ең төменгі жеткілікті шегі және тәуекелдер Банктік бақылаулар жөніндегі Базель комитетінің ұсынымдарынан төмен болмауы керек», - дейді Олег Смоляков.