ҚР Ұлттық банкі студенттер арасында атаулы шәкіртақыға байқау жариялайды
Байқауға Қазақстан жоғары оқу орындарының күндізгі бөлімінде экономикалық мамандық бойынша білім алып жатқан, ҚР азаматы болып табылатын, жұмыстары бір жобаға біріккен үш адамнан кем емес, бес адамнан көп емес құрамдағы студенттер жіберіледі.
Жұмыстың тақырыптары - мемлекет қолдаудың жаңа тетіктерінің дамуы және экономиканың өсуін ынталандыру; Қазақстанның сыртқы қарызы және оны реттеудің жолдары; Кедендік одақтың болашағы мен артықшылығы; шағын кәсіпкерлікте және нақты сектор ұйымдарында қаржы есептілігінің халықаралық стандарттарын қолдану проблемалары; әлемдік қаржы жүйесін реформалау бойынша жаңа бастамалар мен оларды Қазақстанда жүзеге асырудың нұсқалары.
Өтінімдер ағымдағы жылғы маусымның 25-інен кешіктірілмей байқау комиссиясына тапсырылуы тиіс. Байқау қатысушыларына қойылатын талаптар - оқуда үздік және жақсы көрсеткіштерінің болуы: ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысуы, оқу орнының қоғамдық жұмыстарына, мәдени және спорттық өміріне белсенді атсалысуы.
Биылғы атаулы шәкіртақыға бөлінген қаржының жалпы көлемі 412 500 теңге, оның үстіне банк байқау қорытындысы бойынша жеңіске жеткен топтарға біржолғы үш атаулы шәкіртақы тағайындалады.