ҚР Ұлттық банкі Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған монеталарды шығарды

Монетаның бет жағының (аверсінде) жоғарғы бөлігінде бес рет бұралып өрнектелген сегіз бұрышты розетканың ішінде Қазақстан Республикасының Елтаңбасы және сыртында мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазба бейнеленген.
Ал төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «500 ТЕҢГЕ» деген жазба орналасқан. Номиналдан солға қарай Қазақстанның теңге сарайының тауар белгісі және монетаның массасын білдіретін «24 g» деген жазба, ал оң жағында монета дайындалған металды және оның сынамасын білдіретін «Ag 925» деген жазба бар. Монетаны айналдыра моншақ тәріздес тізбек және шығыңқы жиек жүргізілген.
Монетаның сырт жағында (реверсінде) Алматы қаласындағы 28 гвардияшы- панфиловшылар саябағындағы Даңқ мемориалының фрагменті, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс жылын білдіретін «1945» деген жыл атауы мен монетаның соғылған жылын білдіретін «2015» деген жыл атауы орналасқан. Айналдыра мемлекеттік тілде «ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ», орыс тілінде «70 ЛЕТ ВЕЛИКОЙ ПОБЕДЕ» деген жазба бейнеленген және шығыңқы жиек жүргізілген.
Монеталардың беткі және сыртқы жақтарындағы бейнелер мен жазбалар бедерленген. Қыры - бедерлі. Монеталар 925 сынамды күмістен дайындалған, массасы - 24 гр, диаметрі - 37 мм, дайындау сапасы - «proof», таралымы - 7 мың дана.
Сонымен қатар нейзильбер қоспасынан жасалған және «Ұлы Жеңіске 70 жыл» деп аталатын басқа монетаның бет жағының (аверсінде) жоғарғы бөлігінде Қазақстан Республикасының Елтаңбасы бейнеленген. Елтаңба бейнесінен оңға қарай «ҚҰБ» аббревиатурасы орналасқан. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «50 ТЕҢГЕ» деген жазба орналасқан. Номиналдан солға және оңға қарай ұлттық ою-өрнектің элементі бейнеленген.
Монеталар диаметрі - 31 мм, массасы - 11,17 грамм, таралымы - 100 мың дана.
Номиналдық құны 500 теңгелік және 50 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.