ҚР Ұлттық музейінде «Бейбарыс сұлтан және оның дәуірі» атты көрме өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың басты шарасы «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай, ел ордасы Астана қаласында көптеген маңызды әлемдік деңгейдегі іс-шаралар өтеді.

ҚР Ұлттық музейінде «Бейбарыс сұлтан және оның дәуірі» атты көрме өтеді

Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 10 маусым мен 10 тамызға дейінгі аралықта «Бейбарыс сұлтан және оның дәуірі» көрмесін өткізу жоспарланып отырғандығын айта кетейік.

Көрменің негізгі мақсаты келушілерді Мысыр мен Сирияға билік жүргізген мәмлүк сұлтаны Бейбарыс сұлтанның өмірімен және тарихымен таныстыру.

Бәрімізге белгілі нұсқа бойынша Бейбарыс сұлтан (1223 немесе 1225-1277) Қара теңізден солтүстікке қарай «Дешті Қыпшақта», яғни Қыпшақтар даласында дүниеге келген. XIV ғасырдағы Мысыр тарихшысы әл-Айни өзінің «Икду аль-джуман фи тарих ахл аль-азман» еңбегінде былай деп жазады: «Бейбарыс бин Абдулла қыпшақ нәсілінен». Ал Ән-Нувайридың мәліметтері бойынша, Бейбарыс түркі жұртынан, қыпшақтың Елбөрілі тайпасынан шыққан.

Мәмлүк мемлекетінің төртінші сұлтаны Рукн ад-дин Бейбарыс-Әл-Мансури Әл-Мысридің тағдыры өте қызықты, сонымен қатар қарама-қайшылықтар мен шиеленістерге толы. Бейбарыстың әкесі - Жамақ, анасы - Әйнек. Оның ақсүйектер руынан шыққанын тарихшылар дәлелдеген. Сол кезде беріш руы Қырым өңірінде тұрған (қазіргі заманда беріш көбінесе Атырау облысында қоныстанған). Әмір Айтегін әл-Бұндуқтар Димашқ оны құл базарында сатып алған. Сондықтан Байбарыс әл-Бұндуқтари деп аталған.

Бейбарыс тақта 17 жыл (1260-1277 жж.) отырды. Ол билік құрған жылдары Мысыр қуатты мемлекетке айналды. Арналар, кеме жасау верфтері, елдің шекараларында әскери бекіністер орнатылды. Каирде сарайлар мен мешіттер салынды. Сондай-ақ, қолөнер, егіншілік, ғылым, сауда, өнер дамыды.

Бейбарыс сұлтан Палестина мен Сирияда Ирандағы моңғол және еуропалық кресшілерге тойтарыс берген соғыстарымен танымал. Халық оны Абуль-Футух, яғни Жеңістердің атасы деп ардақтаған.

Көрмеге Бейбарыс сұлтанның өмірі мен ел билеу тарихын баяндайтын Каир қаласынан әкелінген Ислам өнері музейі жинағының жәдігерлері қойылады.

Сонымен бірге  Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде 6 маусым мен 10 шілде аралығында ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ерболат Төлепбайдың жеке көрмесін өткізу жоспарлануда. Көрмеге Е. Төлепбайдың шығармашылығының әр кезеңдерінде жасаған көркем туындылары қойылады деп күтілуде.

Француз постимпрессионисттерінің бағытын жалғастырушы Е. Төлепбайдың өзіндік стилі ерекше, көз тартады. Ашық түстер, қарапайым да мәнерлі пішіндер, айқын бейнелердің иілімділігі Матисс және Кандинскийді еріксіз еске түсіреді. Солай бола тұра, суретшінің картиналары еуропалық және азиялық дүниені сезіну стилін үйлесімді біріктіреді. Оған қоса, оның жүмыстары ұлттық ерекшелікті де жоғалтпаған.

Е. Төлепбайдың туындыларындағы көпмағыналы, пәлсапалық және кей-кейде қайғылы мәнмәтін дәстүрлі тақырыптарды талдау арқылы туындайды. Қазақстанның жері мен адамдары, даласы мен қаласы, өткені мен бүгінгісі, адамға деген сүйіспеншілік және өз жеріңе деген жауапкершілік мәселелері суретші жұмыстарының басты тақырыптары болып табылады. Суретшінің туындылары Мемлекеттік Третьяков галереясында, Ресей Федерациясының мемлекеттік музейлерінде, Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде (Алматы), Қазақстан Республикасының облыстық музейлерінде, Қазақстан, ТМД, Еуропа, Америка, Азияның жеке топтамаларында сақтаулы.