Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ҚР ҰЯО институтының ғалымдары Калачи тұрғындарында «ұйқы синдромының» себебін атады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Калачи кенті тұрғындарындағы ұйқы синдромының ықтимал себебі - техногендік газ иісі қосылған ауамен тыныс алуы, сонымен бірге онда оттегінің және табиғи көмірсутектің төмен болуы мүмкін. Осы күндері Курчатов қаласында өтіп жатқан жас ғалымдар байқауында өздерінің ғылыми зерттеуінің нәтижелерін ұсынған ҚР Ұлттық ядролық орталығындағы радиациялық қауіпсіздік және экология институтының ғалымдары осындай тоқтамға келді.

ҚР ҰЯО институтының ғалымдары Калачи тұрғындарында «ұйқы синдромының» себебін атады

РҚЭИ басшысы Сергей Лукашенко «ҚазАқпарат» тілшісіне берген эксклюзивтік сұхбатында институттың жас ғалымдары өздерінің жобалары жетекшілерімен бірге 15 жұмысты конкурсқа ұсынғанын хабарлады. Конкурсқа барлығы ҚР ҰЯО-ның бөлімшелерінен 54 ғылыми жұмыс қатыстырылды.

- «Калачи кенті бойынша екі ғылыми баяндама ұсынылды. Олардың бірінде мұнда орын алған жағдайға радиацияның еш қатысы жоқ екені және оның «жүз пайызға» дәлелденгені айтылады. Ғалымдардың екінші жұмысы мен Сізге айтқан ұйқы синдромына әкеліп соқтырған себепті дәлелдеп, атап отыр».

- Сергей Николаевич, сіздің ғалымдарыңыз (байқау қорытындылары шығарылмай, олардың есімдерін атамаймыз) бұл «бірмезгілдегі букеттің» құрамдарын анықтады. Техногендік газдың қайдан шыққаны белгілі, ал табиғи газ қайдан пайда болды?

- Бұл газ жер астынан шығып отыр. Нақ осы үш фактор ұштаса келгенде (бір қарағанда, бұл синдромның біртүрлі болып, анықтаудың қиын болғаны да сондықтан), оның үстіне осы факторлардың бірі қосарласа пайда болғанда, ұйқы шақыруға әкеп соғады.

- Бірақ бұрын мұндай жағдай болмаған еді ғой?

- Иә, бұрын мұндай жағдай болмаған. Мүмкін, ол туралы айтпаған да болар. Бірақ біздің ақпарат бойынша, ұйқы синдромының бірінші белгілері 2010 жылы, сосын 2012 жылы пайда бола бастады.

- Белгілі бір масса қордалана келіп, жиынтығында осындай әсер берген болып тұр ғой?

- Солай деп айтуға да болады. Оның пайда болуы себептерін одан әрі зерттеп, анығын айтатын боламыз.

- Сіздің институттың тағы да қандай қызықты конкурстық жобаларын ерекше бөліп айтар едіңіз?

- Біріншіден, барлық ұсынылған жұмыстар - әлемдік деңгейдегі жасалымдар. Мысалға, бірқатар жұмыстар Семей полигоны тақырыбына арналған (ғылыми жағын айтпай-ақ қояйын). Жұрттың бәрі стандарттық радионуклидтер жиынтығын - цезий, стронций, плутоний жөнінен хабардар. Ал, мысалға тритий деген изотопты екінің бірі біле бермейді. Тритий - су құрамындағы газ.

Біз тритиймен көптен бері айналысып келеміз, бірақ еш уақытта топырақ қыртысында зерттеген жоқпыз. Ал зерттей бастағанда таңғалдық. Ол бізде көптеген жерде бар екен. Біздің ғалымдарымыздың біраз жұмыстары осы тақырыпта арналған, ол әсіресе Семей полигонынындағы «тритий бойынша» көп мәселенің басын ашып берді.

- Мен бұл біздің зерттеушілеріміздің тамаша жұмысы деп санаймын - жас ядрошы-ғалымдардың конкурсы аяқталған күні берген сұхбатын ҚР ҰЯО бас директорының радиоэкология жөніндегі орынбасары, РҚЭИ басшысы С.И. Лукашенко осылайша түйіндеді.