ҚР вице-премьері Г.Әбдіқалықова Таразда кәсіптік білімді дамыту кеңесіне қатысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

ҚР вице-премьері Г.Әбдіқалықова Таразда кәсіптік білімді дамыту кеңесіне қатысты

Жұмыс сапары барысында вице-премьер Тараз қаласындағы әлеуметтік нысандарды аралап, кәсіптік білімді дамыту бойынша кеңеске қатысты. Вице-премьердің төрағалығымен М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде бақылау кеңесінің 1-ші отырысы өтті.

Аталған кеңес отырысын ТарМУ тарихта алғаш рет өткізіп отыр. Бақылау кеңестерін отандық жоғары оқу орындарының академиялық икемділігіне және университетте корпоративті басқару негіздерін енгізуге бағытталған бірінші қадам деп қарастыруға болады. Отырыста аталмыш алқалы органның төрағасы сайланып, алдағы уақытта атқаратын қызметі тұрғысындағы мәселелер қарастырылды.

Сонымен қатар Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен «Құрылыс, химия және агроөнеркәсіп салаларында кәсіптік және техникалық білім беруді жетілдіру» тақырыбында жиын өтті. Жиын мақсаты құрылыс, химия және агроөнеркәсіп саласындағы компания басшыларының назарын білім беру жүйесін реформалауды еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес жүргізу мәселесіне аудару. Сонымен қатар жұмыс берушілермен әріптестік байланыс орнату.

Сондай-ақ Жамбыл облысы аумағында ұлттық химия кластерін дамыту, өңірдің еңбек нарығындағы сұраныс, облыстағы компаниялардың кәсіби мамандарға сұранысы сынды мәселелер де жиынға қатысушылар назарынан тыс қалмай, кең көлемде талқыланды. Жиын барысында қатысушылар еліміздің оңтүстік өңірінде индустриализациялау бағдарламасын кадрмен қамтамасыз ететін колледжді анықтады.