Кредит нарығында бәсекелестік одан әрі күшеюі күтілуде - ҚР Ұлттық Банкі
МАТЫ. 2 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - 2011 жылғы 3-тоқсанда кредит нарығында бәсекелестік бұдан әрі күшеюі күтілуде. ҚР Ұлттық Банкі шілде айында жүргізген зерттеу жұмыстарынан кейін осындай пайымдауға келіп отыр.
Банктер бөлшек кредиттеу нарығындағы ұсыныстар кредиттеудің бағамен көрсетілетін және бағамен көрсетілмейтін талаптарын жақсарту есебінен өседі деп болжауда.
2011 жылғы 2-тоқсанның қорытындылары бойынша банктердің кредиттік портфелінің сапасы баяу қалпына келуін жалғастыруда,бұл ретте тұтастай алғанда несие портфеліне қысым жасайтын проблемалық кредиттердің жоғары үлесі әлі де болса сақталып отыр. Банктердің 35%-ға жуығы несие портфелі сапасының шамалы жақсаруын, респонденттердің 51%-ға жуығы портфель сапасының өзгеріссіз қалатындығын және тек банктердің 13%-ы ғана несие портфелі сапасының шамалы нашарлайтындығын болжауда.
Проблемалық заемдармен жұмыс істеу кезінде ең көп қолданылатын шаралар кредиттің жалпы мерзімін ұзарту және төлем кестесін өзгерту, мерзімі өткен берешектің өтеу мерзімін ұзарту, айыппұл санкцияларын қолданбау, банк алдындағы борышын қайта қаржыландыру. Оның ішінде заемшының басқа банкке өтініш жасауы арқылы қайта қаржыландыру болып қалып отыр. Бұл ретте, көптеген банктердің кредиттік портфелінің сапасын одан әрі қалпына келтіру несие портфелінің сапасын жақсарту бойынша қосымша мүмкіндіктерді және уақытша қаржылық қиындықтарға тап болған заемшылармен жұмыс бойынша жаңа құралдарды көздейтін салық заңнамасының күтілетін жеңілдіктерімен және проблемалық кредиттер қорын құрумен байланыстырып отыр.
Мамандар 3-тоқсанда банктер депозиттік базаны кеңейту және төлем жасауға қабілетті заемшыларды тарту бойынша белсенді жұмыстарын жалғастырады, сондай-ақ жұмыс істемейтін заемдарды қайта құрылымдау жұмысы, үмітсіз заемшылармен талап-арыздық жұмыс жалғасын табатын болады деген тоқтамға келіп отыр.