«Криминалдық чтиво» фильмінің актері Питер Грин қайтыс болды
АСТАНА. KAZINFORM — «Маска» және «Криминалдық чтиво» фильмдеріндегі рөлдерімен танымал америкалық актер Питер Грин Нью-Йорктегі пәтерінен өлі күйінде табылды. Ол 60 жаста болған, деп хабарлайды ТАСС.
— Питер еденде етпетінен жатқан, беті жарақаттанған, айналаның бәрі қан болған, — деп мәлімдеді аты-жөнін жарияламауды сұраған актердің көршісі New York Daily News газетіне.
Қазіргі таңда өлімнің нақты себебі және зорлық-зомбылық белгілері ресми түрде расталған жоқ. Алайда New York Daily News басылымының Нью-Йорк полициясындағы дереккөзі актердің пәтерінен табылған кейбір айғақ Гриннің өліміне қаланың ирландиялық қылмыстық топтарының қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайтынын айтқан.
Газет мәліметінше, Питер Грин жақын уақытта өкпе маңындағы қатерсіз ісікті алып тастау үшін операция жасатуы тиіс болған.
Питер Грин 1965 жылғы 8 қазанда Нью-Джерси штатының Монтклэр қаласында дүниеге келген. Ол Нью-Йорктегі Ли Страсберг атындағы театр және кино институтын бітіріп, біраз уақыт қалалық театрда өнер көрсеткен. Актерлік жолын «Хардболл» телесериалындағы (1989–1990) және «Заңның бұлжымас күші» (Law of Gravity, 1992) фильміндегі эпизодтық рөлдерден бастаған.
1990-жылдары ол «Криминалдық чтиво» (Pulp Fiction, 1994), «Маска» (The Mask, 1994), «Бриллиантты полицей» (Blue Streak, 1999) және «Баскесер» (The Bounty Hunter, 2010) фильмдеріндегі рөлдері арқылы кеңінен танымал болды.
Еске сала кетейік, 5 желтоқсанда жапон текті америкалық актер Кэри-Хироюки Тагава 76 жасында өмірден өткені хабарланды.