Криптоиндустрияны дамыту үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Мемлекет басшысының криптоиндустрияны дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
— Негізгі бағыттардың бірі заңнамалық бастамаларды іске асыру болып табылады, онда криптоиндустрияны либерализациялау және цифрлық майнинг индустриясына инвестициялар тарту бойынша түзетулер әзірленді, — деді ол Үкімет отырысында жасаған баяндамасында.
Оның айтуынша, түзетулер мыналарды:
— ҚР аумағында шығарылым мен айналымды заңдастыру;
— ҚР аумағында криптоайырбастаудың лицензиялануын енгізу;
— АХҚО-да майнерлер өндірген цифрлық активтерді сату туралы міндеттемені алып тастау;
— сондай-ақ электр станцияларын жаңғырту бойынша «70/30 бағдарламасы» жобасын іске асыруды қамтиды.
— Қазақстанда криптоиндустрияны дамытуға бағытталған бірқатар бастама іске асырылып жатыр. Негізгі жобалардың ішінде CryptoCity, мемлекеттік майнинг, криптофонд; ұлттық валютадағы стейблкоин, нақты активтерді токендеу бар, — деді министр.
Айта кетейік, күні кеше Мемлекет басшысы Жолауда қазіргі заманның талабын ескере отырып, криптоактивтерге баса назар аударуды тапсырған еді.
Сондай-ақ, енді кеден бекеттеріндегі камералар Астанадағы мониторинг орталығына тікелей қосылады.
Одан бөлек, елімізде 5 жыл ішінде студенттер, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметшілері түрлі бағдарламалар арқылы ЖИ дағдыларын үйренеді.