Кісі өлімі көбейген Түркістан-Кентау тасжолы 4 жолаққа дейін кеңейтіле ме

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Халқы 100 мыңнан асатын Кентау қаласы Түркістаннан небәрі 30 шақырым жерде орналасқан. Бүгінде кентаулықтардың басым бөлігі күн сайын Түркістанға қатынап жұмыс істейді, облыс орталығындағы жоғары оқу орындарында білім алатын жастар да аз емес.

город Кентау қаласы
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Қос қала арасындағы барыс-келіс жыл өткен сайын артып, соның салдарынан жолдағы көлік ағыны көбейіп, тар жолға сыймайтын жағдайлар жиілеген. Әсіресе соңғы уақытта жол-көлік оқиғаларының жиілеуі тұрғындар алаңдаушылығын күшейтті. Кентаулықтар ең алдымен Түркістанға барар жолды кеңейтіп беруді сұрап келеді.

Мәселен, биыл ақпан айында Түркістан-Кентау тасжолы бойында ірі жол апаты болды. Кентау қаласына кіреберіс аумақта жеңіл көліктің бірі қарсы жолаққа шығып кетіп, екіншісімен соғысқан.

Апат салдарынан көлік өртеніп, 6 адам көз жұмды. Ал, 4 адам түрлі дене жарақатымен Кентау қалалық орталық ауруханасына жеткізілді.

Түркістан облысы полиция департаментің ресми мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы Түркістан-Кентау тасжолының бойында 10 жол-көлік оқиғасы болып, 16 адам жарақаттанған.

Өткен жылы осы жолда 6 жол апаты болып, бір адам қаза тауып, 8-і зардап шекті.

Ал, 2025 жылдың басынан бергі 10 айда 5 жол-көлік оқиғасы тіркелген, салдарынан 11 адам қаза тапты. 

трасса Туркестан–Кентау
Фото: Қайрат Зайнишев / Kazinform

Департамент тарапынан жол қауіпсіздігі бойынша тиісті іс-шаралар қабылданған. Яғни жол белгілері, жол жолақтары және жылдамдықты шектеуге арналған бейнекамералар орнатылған.

— Талдау нәтижесінде Түркістан-Кентау тасжолының бойында болып жатқан жол-көлік оқиғаларының басты себебі — жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы (жылдамдықты асыру, маневрлеу қағидаларын бұзу, қарсы бағытқа шығып басып озу) екенін түсіндік. Ішкі істер органдары тарапынан жол апатының алдын алу мақсатында аталған тасжолда 4 дана стационарлы автоматтандырылған бейнебақылау камерасы іске қосылып, құқық бұзу фактілерін дронмен анықтау жұмысы тұрақты түрде ұйымдастырылып жатыр, — деді облыстық полиция департаментінің өкілдері.

Түйткілді мәселе бойынша Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібековпен пікірлескен едік. Оның айтуынша, өңір тұрғындары үшін аса өзекті саналатын Түркістан-Кентау бағытындағы автомобиль жолының тарлығы күн өткен сайын өзекті бола түскен. 

Ұласбек Сәдібеков
Фото: Kazinform

Осыған байланысты депутат жыл басында Үкіметке арнайы депутаттық сауал жолдаған. 

— Екі шаһардың арасы жарты сағаттық жол ғана болғандықтан Түркістанға сырттан келушілер де баспана қолайлы болғандықтан көбіне Кентаудан пәтер жалдап тұруды жөн көреді. Тау бөктеріндегі таза ауа, жайлы климат, тыныш орта — Кентауды өмір сүруге қолайлы қалаға айналдырып отыр. Бұл бағыт тек екі қаланы ғана емес, Созақ ауданы арқылы Жамбыл облысына шығатын транзиттік дәліз ретінде де маңызды. Осы мәселені көтерген депутаттық сауалға ресми жауап ұсынылды. Ондағы мәліметке сүйенер болсақ, Түркістан-Кентау автомобиль жолын қазіргі 2 жолақтан 4 жолаққа дейін кеңейту үшін алдымен жол қозғалысының қарқынына талдау жүргізу қажет. Жол жүктемесін есептеу, экономикалық тиімділікті айқындау және техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу жұмыстары қорытындыланғаннан кейін ғана жобаны іске асырудың нақты тетігі, мерзімі және қаржыландыру көлемі анықталады. Түркістан-Кентау бағытындағы жолдың кеңеюі — тек ыңғайлы ғана емес, қауіпсіздік, экономикалық тиімділік және өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтетін маңызды қадам. Бұл бағыттағы жұмыстың жүйелі түрде жалғасуына депутаттық бақылау орнатылып, мәселенің толық шешілуі назарда ұсталады, — деді ол.

Мәжіліс депутатының сөзінше, Түркістан-Кентау бағытында соңғы кездері тіркелген жол-көлік оқиғаларының өсуіне тек жолдың тарлығы ғана емес, қараусыз жүрген мал мен үй жануарларының қозғалысқа кедергі келтіруі де себеп болып отыр. 

Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген мәліметке сүйенсек, аталған жолды алдағы жылдарда кеңейту жоспары қарастырылмаған.

трасса Туркестан–Кентау
Фото: Қайрат Зайнишев / Kazinform

— Басқарманың тапсырысымен 2020-2021 жылдары Түркістан-Кентау бағытындағы облыстық маңызы бар КХ-190 автомобиль жолының 7-26 шақырым аралығына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жолдың ені 7 метрден 9 метрге кеңейтілді. Жолдағы су өткізу құбырлары толық ауыстырылып, елдімекен ішінде жарықтандыру, аяқжол және аялдамалар қарастырылып жасалды. Жолдың бүгінгі жағдайы қанағаттанарлық жағдайда. Одан бөлек Түркістаннан Кентауға баратын балама жол — Кентау айналма жолы қарастырылған. Бүгінгі күні аталған жолмен тәулігіне 4-5 мың автокөлік қатынайды. Аталған жолды алдағы 3 жыл ішінде кеңейту қарастырылмаған, — делінген басқарманың бізге ұсынған жауабында.

Түркістан мен Кентау арасындағы жолды кеңейту мәселесін бұған дейін де көтерген едік. 

Соңғы жаңалықтар