Кішкентай астаналықтарға төл мерекесінде танымдық саяхат ұйымдастырылды
АСТАНА. KAZINFORM — QazExpoCongress ұлттық компаниясы Халықаралық балаларды қорғау күнінде елорда балаларына арнап түрлі танымдық шаралар ұйымдастырды.


Мерекенің негізгі алаңы ретінде Келешектің энергиясы музейі таңдалыпты.

Қалыпты күндері ақылы музей бұл күні балаларға тегін болды.

Балалар ондағы экспонаттар мен интерактивті құрылғылар, виртуалды әлем бөлшектері арқылы жасыл технологиялардың мәнін түсінуге мүмкіндік алды.

Балалар музейдегі саяхаттан орнықты энергия дегеннің не екенін түсіну арқылы өздеріне арналған іс-шарадан көңіл көтеріп қана қоймай, таным көкжиегін кеңейтіп қайтты.

Музейдегі танымды саяхат «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік концертке ұласты. Саханаға балалардың шығармашылық ұжымдары шығып, замандастарына ән мен биден сыйлық жасады.

Жас көрермендер әсіресе «Көркем-ай», «Тұмар», «Бастау» би ансамбльдерінің, Ақмарал Дәулет пен Гүлназ Ермекова сияқты әншілердің өнеріне тәнті болды.

— QazExpoCongress жыл сайын осы мерекені ерекше сценариймен ұйымдастырып, балаларға мерекелік көңіл күймен қатар музейдегі саяхат арқылы пайдалы білім де дарытуға тырысады. Жай күндері музейімізге 1500-2000 мың адам келеді. Ал бүгін келушілердің саны әлдеқайда көп, — дейді QazExpoCongress ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы Гүлжан Сергебаева.

Сондай-ақ, ол музейдің бірінші қабатында этнограф-коллекционер Бахаргүл Төлегеннің «Жауһар жәдігер» атты тұрақты көрмесі жайғасқанын айтты.

Ондағы бұйымдар көшпелі өркениеттің сан ғасырлық тарихынан сыр шертетінін айтады.
EXPO кешенінде бүгін роликке әуес балаларға арналған роллердром ашылды.

Ал саябақтың ойын алаңы ерекше балалардың ойнауына да қолайлы етіп жасалған.

Жалпы бүгін кешеннің аумағында баланың асыр салған күлкісі үстемдік етіп тұрды.




