Павлодарда «Жас дарын» мектебінің оқушылары жетім балаларға сабақ үйретіп жүр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «Жас Дарын» мектебінің бір топ оқушысы жетім және қамқорлықсыз қалған балаларға қосымша сабақ үйретіп, білімде ілгері басуына көмектесіп жүр. Қамкөңіл ұл-қыздардың жандарына жылулық сыйлаған жоба 2021 жылдан тұрақты жалғасып келеді.
Халқымыз «Жетім көрсең жебей жүр», деп бекер айтпаған. Тағдыр талқысына ерте түскен жетім балалардың көңілін аулап, жанына демеу беру, қамқорлық көрсету - игі іс.
Осыдан төрт жыл бұрын Павлодар қаласындағы «Жас Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейі «Оқушыдан-оқушыға» деген білім жобасын бастап, ол бүгінде өңірдегі нәтижелі бастаманың біріне айналып үлгерді. Қазіргі уақытта жас дарындық 23 оқушы «Кенжекөл отбасылық үлгідегі балалар ауылында» тәрбиеленіп жатқан жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға бос уақыттарында қосымша сабақ үйретеді. Оның арқасында балалар үйінде тұратын жасөспірімдердің мектептегі сабағы дұрысталып, тәуір баға ала бастаған. Тіпті олардың алды облыс орталығындағы дарында балаларға арналған мектептерге ауысып, оқи бастаған.

- Отбасылық үлгідегі ауылымызда 70 баланы тәрбиелеп отырмыз. Олар кәдімгі мектептерде білім алады. Бірақ білімін қосымша жетілдіру үшін репетитор жалдауға бізде қаражат жоқ. Бізді бұл қиындықтан дарынды балалар құтқарып отыр. Атап айтқанда, 23 баламыз «Оқушыдан - оқушыға» жобасының игілігін көріп отыр. Олар математика, ағылшын, Қазақстан тарихы, биология сияқты негізгі пәндерден қосымша сабақ алады, түсінбеген тақырыптарын нақтылайды. Тиімді әдістің арқасында білімнің сапасы көтеріліп келе жатыр. Төрт жыл ішінде біздің тәрбиеленушілер көп нәтижеге қол жеткізді. Ең әуелі 14 баламыз бүгінде Павлодардағы дарынды оқушыларға арналған мектептерде оқиды. Бір түлегіміз Каспий унивреситетінің білім грантын иеленді. Бала мен бала сөйлескенде сабақтың жеңіл қабылданатынын байқаймыз. Тәрбиеленушілерімізге тегін қосымша білім ұсынып отырған лицей оқушыларына алғысымыз шексіз! - дейді Кенжекөл ауылындағы балалар ауылының басшысы Айжан Шамғалиева.
Негізі бұл идеяның авторы – «Жас Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры Гүлнар Жанғазы. Алғашқыда бұл іске 7-8 оқушыны жұмылдырып, тиімділін байқаған соң қосымша білім беруге ынталы өзге дарынды балаларды тарта бастаған.

- 2021 жылы мектебіміз бен балалар ауылы арасында арнайы меморандум қабылдадық. Оқушыларымыз үйрететін қосымша білім тегін әрі онлайн түрде өтеді. Біздің мектепте дарынды балалар жеткілікті. Олардың әлеуетін жетім балаларды дамытуға бағыттасақ, одан ұтылмайтынымызды білдім. Оқушылар алғашқыда мұндай балалар ауылы барын білмейтін. Жетім балалардың тағдырлары туралы айтқанымызда, оқушыларымыздың бойында жанашырлық сезімі оянды. Кейін мұндай жобаның бар екенін ата-аналарға хабардар еттік. Ересектер балаларының игі іспен айналысып жүргенін естігенде көздеріне жас алып, қатты толқыды. Кейін тіпті олардың қосымша сабақтарды тұрақты өткізуін қадағалай бастады. Балалары сабақ өткізер алдында бөлмелерін жиыстырып, әдемі киімдерін киіп, өздерін ересек адамдарша ұстайтындарын айтып келеді ата-аналары. Мұның барлығы бізді қуантады, - дейді мектеп басшысы.
Қазіргі уақытта «Жас Дарын» бойынша 8-11 сыныптардағы оқушылар бұл іспен тұрақты шұғылдана бастаған. Айтуларынша, балалар үйіндегі тәрбиеленушілер көбіне қиын тақырыптарды меңгеру үшін, бөлім бойынша жиынтық бағалау кезінде жиі хабарласады екен. Сөйтіп екеуара уақытын келісіп, сабақты онлайн түрде өткізеді.

- 11-сыныпта оқып жатырмын. София есімді 10-сынып оқушысына бос уақытымда биологиядан қосымша сабақ өткіземін. София алда өтетін тақырыптар туралы, қандай университеттерге түсуге болатынын көп сұрайды. Кейде өзім білмейтін тұстарымды осындай сабақтар арқылы қайтадан зерттеп аламын. Ата-анам мені үнемі қолдайды. Олар бұл ісімнің екі жаққа да пайдалы екенін жақсы түсінеді, - дейді дарынды жас Алдияр Түменбаев.
Ал 11-сыныптың тағы бір оқушысы Нұрайым Жанғазы балалар ауылында тұратын Артем Герасимчукке ағылшын тілінен көмектесіп жүр. Айтуынша, Артем ағылшынша тілін сындырып, әжептеуір үйреніп қалған. Мектепте үздік баға алып жүргенін айтып мақтанады.

- Өзге балалармен тез тіл табыса аламын. Кенжекөлдегі балалар үйінде бірнеше мәрте болып, Артеммен кездестім. Оның үйренуге деген ынтасы бар. Өте сыпайы, мейірімді бала. Арманы көп, футбол ойнағанды ұнатады, - дейді Нұрайым.
Оқушы қыз бос уақытында музыка тыңдап, би билегенді ұнатады. Өз сыныптастары арасында балалар үйіне қамқор болып жүрген құрбы-құрдастары баршылық екенін жеткізді.

Балалар ауылының тәрбиеленушісі Альвина Миронова жас дарындықтарға алғысы шексіз екенін айтады. Ол ағылшын тілінен сабақ үйреніп, күнделігінде бестіктер пайда бола бастаған.

Ал Андрей Голованов информатикадан, Артур Шкребец математикадан оқу үлгерімдері көтеріліп қалғанын жеткізді.
«Жас дарын» мектебінің ұстаздары мен ата-аналар қауымы Кенжекөл балалар ауылы тәрбиеленушілерінің тілектеріне үнемі назар аударып, Наурыз және Жаңа жыл мерекелерінде сыйлықтар жасайды. Мәселен, биылғы Жаңа жылда 6 баланың Аяз атаға жазған хаты «Жас дарынның» жомарт жандарына тап болыпты.
Мереке қарсаңында жеткіншектер олардың тарапынан мол сыйлыққа кенеліп, көңілі жарқырай түсті.

Атап өтерлігі, 2024 жылы Қамқоршылар күніне орай «Жас дарынның» белсенді оқушылары сауапты ісі үшін Павлодар облысы әкімінен Алғыс хат алған.

Еске сала кетейік, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау тетіктері күшейтілді.