«КСРО-ның әскери билеті қолданыста жүр» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Қазақстан Кеден одағы аясында алынатын төлемдер көлемі бойынша Ресейден 40 пайыздан астамға озып кетті. Бұл жөнінде Консультативтік кеңестің кеден істерін жетілдіру мәселелері бойынша өткен төртінші отырысында Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Игорь Тен хабарлады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Мәселен, басылымның атап өтуінше, үстіміздегі жылдың 9 айындағы төлем өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47 пайызды құраса, ресейліктер бұл көрсеткішті бар болғаны 5 пайызға ғана ұлғайта алған. Бұл көрсеткіш Қазақстанның сыртқы экономикалық қызметіне қатысушылар үшін елдің тартымдылығын көрсетеді. Мақала «Қазақстан кедендік төлемдер бойынша Ресейдің алдын орады» деген тақырыппен берілген.
Кеше Тәуелсіздік сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Әлем мәдениет арқылы» халықаралық қауымдастығының ұйымдастыруымен Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінің 20 жылдық мерейтойына арналған «Рухани мәдениет арқылы - дүниежүзілік бейбітшілікке қадам» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған әлемнің 27 мемлекетінен арнайы келген қонақтар қатысып, әлемде бейбітшілікті қамтамасыз етуге байланысты ойларын ортаға салды және келелі пікір алмасты. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Байланыстар көкжиегі кең» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған.
***
Адырна, асатаяқ, домбыра, қылқобыз, шаңқобыз, жетіген, желбуаз секілді тағы да басқа көптеген ұлттық аспаптар бүгінгі қазақ жасының санасында экзотика есебінде қабылдана бастады. Жаңалықтың бәрін жаһанданудан көретін көпшілік бұл үрдісті де жаңа технологияға жабуда. Әнді қалықтатып қазақ даласына қондырған, күйді күмбірлетіп көкірек көзі ояу көпке құйған біздің әдемі аңыздардың ауылы алыстаған сайын ұлттық өнеріміздің де өрісі тарыла түскенін көреміз. Бүгінгі реализмнің қаталдау шындығымен бетпе-бет келген сайын қоғамның да сипаты өзгеріп, ұлттық құндылықтар құнының жеңілдей түскеніне куә болудамыз. Жастарды ұлттық аспаптардан алыстатқан қандай күш? Санаулы ғана мұражайларда кездесетін бұл қазына бүкіл ұрпаққа аманат бола ала ма? Міне осы сауалдардың жауабын «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Білетініміз домбыра ғана ма?» деген тақырыптан таба аласыздар.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында «Халал» комитетінің төрағасы Марат Сәрсенбаевпен арадағы сұхбат «Халал мәселесінде өзге жұрт Қазақстанға қарайтын болды» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Қазақ қазақ болып сақталып қалғысы келсе, жегені, ішкені, кигені, нәпақасы адал болуы тиіс. Сонда ғана бақытқа кенеледі. Сондай-ақ жүректі таза ұстаған жөн. «Жүрек таза болса, адамның өне бойы таза болады» деген Пайғамбарымыздың өсиеті бар. Ол үшін жүрекке құйылатын «төрт бұлақты» таза ұстау керек. Олар: көз, құлақ, тіл, асқазан. Міне, осыларды таза ұстап, арамнан тиятын болса, жүрегіміз тап-таза, жасаған дұға-тілегіміз қабыл, еліміздің болашағы жарық болады», - дейді.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Лондон Олимпиадасында алтынан олжа салған Серік Сәпиев өз жүлдесін басқа-басқа емес, Ресейдің Сбербанкіне салды. Қазір Сбербанктің Серік Сәпиевтің суретін ілген жарнамасы Қазақстанның талай қаласында ілініп тұр. «Сонда қалай? Сәпиев Қазақстанның банктеріне сенбей ме? Халықтың көкейінде осындай сұрақ кептеледі. Егер Серік өз жүлдесін Қазақстанның Халық банкіне салса, бір жөн. «Е, дұрыс болған екен» деп ел қуанып қалар еді. Қайдағы орыс банкіне қаржы салғаны қалай деп кей ағайын кейістік танытады», - деп жазады басылым. Шағын ақпарат «Серкелер елге сенбей ме?» деген тақырыппен басылған.
«Қызыл жұлдызды әскери билетті көрген адам «Кеңес одағы кезінде Отан алдындағы борышын өтеген болар» деген ойда қалары сөзсіз. Бірақ бір топ құжат ішінен қолға түскен әскери билет 2003 жылы берілген екен. Көріп көзіміз шарасынан шықты. Неге Отан алдындағы борышын өтеген Қазақстан азаматтарына ондаған жылдар өтсе де қызыл әскери билет беріліп келген?» деп жазады «Айқын» газеті «КСРО-ның әскери билеті қолданыста жүр» деген тақырыптағы ақпаратында. Тәуелсіз Қазақстан азаматтарының өз төлқұжаты, жеке куәлігі бар. кейбірі сан мәрте алмасты. Тек ер-азаматтардың өз жерінде Отан алдындағы борышын өтеп, «СССР» деген жазбасы бар әскери билетпен жүргені қорғаныс саласына сын емес пе?!