Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ҚСЗИ сарапшысы сайлаушылар таңдауына әсер ететін негізгі факторларды атады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық сайлаушылар партияны таңдағанда ең әуелі сенімге, партияның танымалдығына және елдің болашағына қатысты ұстанымына мән береді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова «САЙЛАУ-2026: медиа және цифрлық платформалар» сарапшылар алаңында айтты.

Айгүл Забирова
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Оның сөзінше, қазіргі таңда электоралдық таңдауда идеологиялық айырмашылықтар бұрынғыдай шешуші рөл атқармайды.

— Бүгінде сайлаушылардың таңдауына ең әуелі партияға деген сенім, оның танымалдығы және елдің болашағына қатысты ұстанымы ықпал етеді, — деді ол.

Сонымен қоса сарапшы ҚСЗИ жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың басым бөлігі сайлауға қатысуға дайын екенін айтты. Азаматтардың үштен екісі нақты бір саяси партияға дауыс беруге ниетті.

— Сауалнамаға қатысқандардың жартысы елдегі тұрақтылық пен қоғамдық тәртіптің сақталуын маңызды деп санайды. Респонденттердің 38%-ы саяси партиялардан азаматтардың мәселелерін нақты шешуді күтсе, 26%-ы партия өкілдерінің халықпен кездесулер өткізіп, жеке қабылдаулар арқылы тікелей байланыс орнатуын маңызды деп есептейді, — деді спикер.

Айгүл Забированыӊ айтуынша, зерттеу қазақстандықтар арасында қоғамдық оптимизмнің жоғары екенін де көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың шамамен төрттен үші бір жылдан кейін өз өмірі жақсарады деп күтеді. Оның пікірінше, қоғам сенімін сақтау және азаматтардың сұранысына дер кезінде жауап беру елдегі электоралдық жүйенің одан әрі дамуына ықпал етеді.

Бұған дейін Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері респонденттердің төрттен үші Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысуға дайын екені айтқан еді.