Кітап оқитын ұлт: Қазақстанда кітап саласының дамуына не кедергі
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде кітап оқуға деген құштарлық оянып, оқырман қатары күн санап толығып келеді. Алайда баспагерлер саланың қарқынды дамуына кедергі келтіріп отырған бірқатар жүйелі мәселені алға тартады. Олардың қатарында кітап таралымының аздығы, баспа шығындарының жоғары болуы, маркетплейстермен бәсеке және мемлекеттік қолдау тетіктерінің жеткіліксіздігі бар.
Kazinform тілшісі қазақстандық оқырмандардың талғамы қалай өзгеріп жатқанын және кітап оқитын қоғам қалыптастыру үшін қандай қадамдар қажет екенін зерделеді.
Мотивациялық әдебиеттен көркем шығармаға ойысу
Kitapal компаниясының сату бөлімінің жетекшісі әрі жазушы Шразаддин Қаниязовтың айтуынша, Қазақстанда кітапқа, әсіресе қазақ тіліндегі әдебиетке сұраныс жыл сайын артып келеді.
— Бұл қазақ тілінің қолданылу аясының кеңеюімен байланысты. Қазақ тілінде сөйлейтіндердің саны көбейген сайын кітап оқуға деген қызығушылық та артып келеді. Соның нәтижесінде сұраныс өсіп отыр, — дейді ол.
Оның айтуынша, соңғы жылдары кітап нарығында жаңа үрдіс байқалады. Бұрын оқырмандар өзін-өзі дамытуға арналған әдебиеттерді көбірек таңдаса, бүгінде көркем шығармаларға қызығушылық арта түскен.
— Осыдан үш-төрт жыл бұрын мотивациялық және тұлғалық даму тақырыбындағы кітаптар жақсы сатылатын. Қазір оқырманға эмоция сыйлайтын, ойландыратын шығармалар жақын. Адамдар дайын кеңестен гөрі оқиғаны өзі саралап, қорытындыны өзі жасағысы келеді. Меніңше, алдағы жылдары бұл үрдіс күшейе түседі, — дейді Шразаддин Қаниязов.
Ол әлеуметтік желілердің де оқырман талғамына әсері зор екенін атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстандағы оқырман қауымы жас ерекшелігі жағынан емес, кітап оқу мәдениетінің қалыптасуы тұрғысынан әлі де даму кезеңінде.
Сондықтан бүгінде қоғам назарындағы авторлар мен өзекті тақырыптарға сұраныс жоғары. Белгілі бір кітап немесе автор ақпараттық кеңістікте жиі талқыланса, оған деген қызығушылық та артады. Мұндай үрдіс әлемнің көптеген елінде бар. Алайда кітап оқу мәдениеті қалыптасып келе жатқан Қазақстанда бұл айқынырақ байқалады.
Балалар жазушысы, бірнеше кітаптың авторы Алина Олжас та соңғы жылдары кітапқа сұраныстың артқанын айтады. Оның пікірінше, бұған баспалардың маркетинг жұмысын тиімді жүргізуі және кітаптардың безендірілу сапасының жақсаруы әсер еткен.
— Меніңше, кітапқа қызығушылық артып келеді. Баспалар маркетингке ерекше көңіл бөліп отыр. Соңғы жылдары жарық көрген кітаптардың мұқабасы да, безендірілуі де тартымды. Сонымен қатар өз ойын, сезімін шығармалары арқылы еркін жеткізетін жас авторлар көбейді. Жыл сайын жас оқырмандар мен жас жазушылардың қатары артып келе жатқанын көру қуантады, — дейді ол.
Қазақстандағы кітап нарығының басты түйткілдері
Алайда кез келген сала сияқты кітап шығару ісінде де шешімін күткен мәселелер аз емес.
Шразаддин Қаниязовтың айтуынша, нарықтың басты ерекшеліктерінің бірі — екі тілді кеңістікте қатар дамуы.
— Қазақстан халқы бір ғана тілде оқымайды. Оқырманның бір бөлігі кітапты орыс тілінде оқығанды жөн көрсе, енді бір бөлігі қазақ тілін таңдайды. Сондықтан баспалар кітаптарды екі тілде шығаруға мәжбүр. Баспа ісінде бір заңдылық бар: таралым неғұрлым көп болса, кітаптың басылу шығыны соғұрлым төмен болады. Ең үлкен аудиторияға арнап кітап шығарған баспа баға жағынан да ұтады, — дейді ол.
Автордың айтуынша, қазақстандық баспалар ішкі нарықта Ресейдің ірі баспаларымен бәсекеге түсуге мәжбүр. Мәселен, бір автордың кітабы Ресейде 20–30 миллион оқырманға арналып басылса, Қазақстанда оның аудиториясы шамамен 2–3 миллион адаммен ғана шектеледі.
— Сондықтан оқырмандар арасында «Неліктен Ресейде шыққан кітап арзан, ал бізде қымбат?» деген сұрақ жиі туындайды. Оның басты себебі — аудитория көлемі. Біздің нарық шамамен он есе кіші болғандықтан, кітап бағасы да жоғарырақ болады. Мұнда логистика мәселесі жоқ, өйткені кітаптардың басым бөлігі Қазақстанда басылады, — деп түсіндірді ол.
Шразаддин Қаниязов кітап нарығындағы тағы бір мәселе ретінде жаңа ойыншылар санының артуын атайды. Оның пікірінше, олардың арасында кәсіби этика мен нарықтық жауапкершілік қағидаларын толық сақтай бермейтіндер де бар.
Оның айтуынша, кітап дүкендері өнімді баспалардан немесе көтерме жеткізушілерден белгіленген бағамен сатып алып, үстемеақы қосып сатады.
— Мысалы, кітап көтерме саудада 2 мың теңгеден сатылса, дүкендегі бағасы кемінде 4 мың теңге болуы керек. Осы айырма дүкеннің табысы болып саналады. Оның құрамына салық, қызметкерлердің жалақысы, жалдау ақысы мен логистикалық шығындар кіреді. Бірақ кейде жеткізушінің өзі келесі күні сол кітапты маркетплейстер арқылы екі есе арзан бағамен ұсынады. Мұндай жағдайда дүкеннің сатылымы төмендеп, тауар қоймада қалып қояды. Соның салдарынан оқырман арасында «дүкендер бағаны негізсіз көтеріп отыр» деген жаңсақ пікір қалыптасады. Сондықтан нарықта тиімді баға саясаты болуы қажет, — дейді ол.
Оның айтуынша, кейде айналым қаражаты қажет болғанда кітап дүкендерінің өздері де үлкен жеңілдіктер жариялап, тауарды өзіндік құнынан төмен бағамен сатуға мәжбүр болады. Қысқа мерзімде бұл қаржы мәселесін шешкенімен, ұзақ мерзімде серіктестер арасындағы қарым-қатынасқа кері әсер етуі мүмкін.
Ал жазушы, балалар әдебиетінің авторы Алина Олжас Қазақстандағы кітап саласының негізгі мәселелерінің бірі ретінде әдеби агенттер институтының дамымауын және қазіргі авторларға көрсетілетін қолдаудың жеткіліксіздігін атайды.
— Кітап жазып, оны өзім шығарып жүрген адам ретінде айтарым, елімізде әдеби агенттер өте аз. Сонымен бірге қазіргі авторларды қолдауға арналған мемлекеттік қаржыландыру жеткіліксіз. Логистика мен кітап бағасы қымбат болғанымен, оқырман сұранысы бар, — дейді ол.
«Тірі кітап» интернет-дүкенінің иесі Мәулен Жанболатұлы да кітап нарығының дамуына екітілді аудитория, нарық көлемінің шағындығы және таралымның аздығы әсер етіп отырғанын айтады. Бұдан бөлек, ол логистикалық шығындардың жоғары болуы, мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі, оқырман сұранысының тұрақсыздығы және маркетплейстер тарапынан күшейіп келе жатқан бәсекені де негізгі түйткілдердің қатарына қосты.
— Қазақ тіліндегі кітаптарға сұраныс айтарлықтай артты деп есептеймін. Әсіресе соңғы жылдары жастар арасында қазақша контентке қызығушылық күшейді. Дегенмен сұраныс өскенімен, кітап нарығының экономикалық моделі әлі толық қалыптасып үлгерген жоқ, — деді ол.
Кітап дүкендері неге жабылып жатыр?
Жуырда кәсіпкер Мәулен Жанболатұлы өзінің офлайн форматтағы кітап дүкені жабылатынын хабарлады. Оның айтуынша, мұндай шешімге бірнеше себеп әсер еткен.
— Кітап дүкенінің жабылуына бірқатар жайт ықпал етті. Атап айтқанда, жалдау ақысының қымбаттауы, салық пен операциялық шығындардың артуы, халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі және тұтынушылық дағдының өзгеруі. Қазір адамдар тауарды көбіне интернет арқылы сатып алады. Кітап бизнесінің табыстылығы төмен. Кітап халыққа қажетті рухани құндылық болғанымен, коммерциялық тұрғыдан аса кірісті сала емес. Ал жалдау ақысы, қызметкерлердің жалақысы, логистика мен салыққа кететін шығын жыл сайын өсіп келеді, — дейді кәсіпкер.
Мәулен Жанболатұлының пікірінше, онлайн форматқа көшу жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Оның айтуынша, бұл тәсіл қазіргі оқырмандарды сақтап қана қоймай, аудитория аясын кеңейтуге де мүмкіндік береді. Өйткені бүгінде адамдардың басым бөлігі контентті де, сауданы да смартфон арқылы тұтынады. Сонымен қатар онлайн формат шығынды азайтып, Қазақстанның барлық өңіріндегі оқырмандармен жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасайды.
— Біздің кітап дүкенінің жабылуы — жекелеген жағдай емес, нарықтағы үрдістің бір көрінісі. Әсіресе тәуелсіз шағын кітап дүкендеріне оңай болмай тұр. Алматының өзінде ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген кітап дүкендері жабылып жатыр, — дейді Мәулен Жанболатұлы.
Кітап саласына қандай қолдау қажет?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 16 мамырда оқу мәдениетін дамыту және оқырман ұлт қалыптастыру туралы жарлыққа қол қойды. Осыған байланысты 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын әзірлеу жоспарланып отыр.
Шразаддин Қаниязовтың айтуынша, кітап саласы тек кәсіпкерлікке ғана емес, қоғамдық миссияға да сүйенеді.
— Ең алдымен баспалар мен кітап дүкендері сияқты кәсіптерге қолдау қажет. Бұл — қайырымдылық сипаты да бар сала. Кітап бизнесін тек пайда табу үшін жүргізу қиын. Кәсіпкердің елге қызмет ету, қоғамға пайда келтіру, маңызды ойларды оқырманға жеткізу ниеті болуы керек. Мұндай миссиясыз бұл салада ұзақ уақыт еңбек ету оңай емес. Сондықтан Президенттің «Оқырман ұлт» бастамасы кәсіпкерлерге серпін беріп, істі жалғастыруға жігер береді, — дейді ол.
Оның пікірінше, кітап оқитын ұлт қалыптастыру үшін қазақстандық авторлардың шығармаларын экран тіліне көшіру ісін де дамыту маңызды.
— Егер кітапты демалыс пен мәдени тұтынудың бір түрі ретінде қарастырсақ, оның кеңінен танылуына экранизацияның ықпалы зор. Қазақ әдебиетінде өткен ғасырдың 60–80 жылдары «алтын дәуір» саналады. Сол кезеңдегі туындылар негізінде фильмдер түсірілсе, оларға деген қызығушылық та арта түсер еді. Қазір тәуелсіз режиссерлер мен продюсерлер мұндай жобаларды өз қаржысына жүзеге асыруға тәуекел ете бермейді. Сондықтан мемлекет тарапынан қолдау болса, құба-құп. Әлемдік тәжірибеде кітап пен кино қатар дамиды: фильм жарық көргеннен кейін кітапқа сұраныс күрт өседі, — дейді Шразаддин Қаниязов.
Оның айтуынша, Батыс елдерінде автор шығармасын баспаға тапсырғанда, экранизация құқығын да қоса береді. Кейде кітап пен фильм бір мезгілде жарыққа шығады. Оның пікірінше, Қазақстан да біртіндеп осы тәжірибеге жақындауы керек. Кітап сөреде шаң басып қалмай, театр қойылымына, киноға, комикске, мультфильмге, мерч өнімдеріне және өзге де мәдени өнімдерге айналуға тиіс.
Сарапшы кітап индустриясы үшін арнайы жағдай жасаудың маңызын да атап өтті.
— Қазір сауданың басым бөлігі маркетплейстерге көшті. Бірақ олар кітапқа кез келген тұтыну тауары ретінде қарайды. Мемлекет баспа және кітап ісіне белгілі бір жеңілдіктер ұсынып отырғандықтан, маркетплейстер де осы бағытта қадам жасағаны жөн. Яғни комиссия мөлшерін төмендетіп, кітап өнімдерінің ерекшелігін ескеретін жеңілдіктер қарастырылуы керек, — дейді ол.
Мәулен Жанболатұлы да кітап өнімдеріне салықтық жеңілдіктер қажет екенін айтады. Сонымен бірге ол жалдау ақысына жеңілдік беру, кітаптарды өңірлерге тарату жүйесін жетілдіру және кітап дүкендерін мәдени инфрақұрылымның бір бөлігі ретінде қолдау маңызды деп санайды.
— «Оқырман ұлт» бастамасы өте қажет. Бірақ нақты нәтиже болуы үшін жүйелі жұмыс керек. Оқу мәдениетін мектептен бастап қалыптастыру, кітап дүкендерінің санын көбейту, кітапханаларды жаңғырту, авторлар мен баспаларды қолдау, сапалы контент өндіру қажет, — деді ол.
Ал жазушы Алина Олжастың пікірінше, саланы дамыту үшін кітаптарды насихаттаудың тегін тетіктерін енгізіп, әдеби агенттер институтын дамыту қажет.
— Жазушылар өз кітабын таныту үшін қомақты қаржы жұмсайды, бірақ бұл шығын әрдайым ақтала бермейді. Кітап дүкендері жергілікті авторлардың шығармаларын насихаттауға жеткілікті көңіл бөлмей келеді. Сондықтан ең алдымен жазушыларға қолдау қажет. Тегін кітап клубтары мен әдеби үйірмелер ұйымдастырып, «әдеби агент» мамандығын оқытуды қолға алған жөн. Сонда адамдар сүйікті ісін тастамай, шығармашылықпен айналысуға ынталана түседі, — дейді ол.
Жасанды интеллект: көмекші ме, әлде қауіп пе?
Жазушы Алина Олжастың айтуынша, жасанды интеллектіні кітап мұқабасын әзірлеуде, тақырыпты жедел зерттеуде, кейіпкерлердің болмысын ашуда, мәтінді редакциялауда және кітап дайындаудың басқа да кезеңдерінде тиімді пайдалануға болады.
— Жасанды интеллект мүмкіндіктерін орнымен қолдана білсек, оның пайдасы зор. Мысалы, кітап мұқабасын әзірлеуге, қажетті тақырыптарды жедел зерделеуге, кейіпкерлерді жан-жақты ашуға, мәтінді өңдеуге көмектеседі. Білікті маманның қолында бұл өте пайдалы құрал, — дейді ол.
Шразаддин Қаниязов та жасанды интеллектінің аударма жасау, редакциялау, дизайн әзірлеу және маркетингтік материалдар дайындау үдерісін едәуір жеделдететінін айтады.
Алайда оның пікірінше, ең үлкен қауіп — жасанды интеллект адамның бойында білімді толық меңгердім деген жалған түсінік қалыптастыруы мүмкін.
— Адам қысқаша мазмұнды оқып алып, тақырыпты толық түсіндім деп ойлайды. Бірақ қандай да бір мәселені терең меңгеру үшін кітап оқу қажет. Ал кітап оқу үшін адамда сол білімге деген ішкі сұраныс болуы керек, — дейді ол.
Сарапшының айтуынша, жасанды интеллект осы қажеттілікті әлсіретіп, адамға «осының өзі жеткілікті, бәрін білесің» деген алдамшы сезім ұялатады.
— Сондықтан адамдар жасанды интеллектінің жауабымен ғана шектелмей, ғылыми және көркем әдебиет оқып, мәселенің мәніне терең бойлап, өз көзқарасын қалыптастырса деймін. Тұтастай жасанды интеллект жазған мәтін адамды тез жалықтырады. Ал жазушы өмірлік тәжірибесі мен сезімін сүзгіден өткізіп жазған кітап әрдайым өз оқырманының жүрегіне жол табады. Сондықтан баспа ісінің болашағына сенемін, — дейді Шразаддин Қаниязов.
Алматыда оқу мәдениеті қалай қалыптасып жатыр?
Алматы қаласының Мәдениет басқармасы Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында кітап оқуды насихаттауда «КітапFest» фестивалінің маңызы зор екенін атап өтті.
Жыл сайын фестивальге шамамен 60 мың адам қатысады. Егер 2025 жылы шара барысында 10 мыңға жуық кітап сатылса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 15 мың данадан асқан.
Фестиваль аясында жазушылармен кездесулер, кітап таныстырылымдары, шеберлік сабақтары және басқа да мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылады.
— Фестивальдің ықпалы ұзақ мерзімді жобалар арқылы жалғасып келеді. Соның бірі — 53 мектепте жүзеге асырылып жатқан әрі мыңнан астам оқушыны біріктірген «Кітап клубы — Оқырман ұлт» жобасы, — деп хабарлады басқармадан.
Бүгінде Алматының кітапханалар жүйесіне 31 кітапхана кіреді. Олардың қорында 1,37 миллионнан астам кітап бар. 2026 жылы кітапхана оқырмандарының саны 341 мың адамға жеткен.
Оқырман санын арттыру үшін электронды оқу залдары, мобильді қосымша, кітап жеткізу қызметі және өзіне-өзі қызмет көрсету станциялары іске қосылған. Қаладағы жеті кітапхана тәулік бойы жұмыс істейді.
Сонымен қатар мектептерде, жоғары оқу орындарында, сауда орталықтарында, метро станцияларында, коворкингтер мен қауымдастық орталықтарында 32 автономды кітап беру станциясы орнатылған.
Мобильді қосымша арқылы пайдаланушылар электронды оқырман билетін рәсімдеп, кітап қорымен таныса алады, іс-шаралар туралы ақпарат алып, өзіне жақын кітапхананы табады және кітап жеткізу қызметін пайдалана алады.
Осыған дейін қазақстандықтардың электронды кітаптарды жиі оқи бастағаны туралы жаздық.