ҚТЖ 2027 жылдың соңына дейін 131 жолаушылар вагонын сатып алады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда соңғы төрт жылда жолаушылар пойыздарының паркі жаңартылып, 418 жаңа вагон сатып алынды. Жылжымалы құрамды жаңғырту жұмыстары жалғасады.
Жаңарту ішкі және халықаралық бағыттарды қамтыды.
– Қазіргі уақытта жолаушылар вагондарының паркі 2 159 бірлікті құрайды. 2022–2026 жылдар аралығында 418 жаңа жолаушылар вагоны сатып алынып, олар Қазақстан ішіндегі және халықаралық бағыттарға жіберілді, – деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Компания биыл тағы 131 жолаушылар вагонын сатып алу туралы келісімшарт жасасты. Вагондар 2027 жылдың соңына дейін жеткізіледі. Сонымен қатар 2030 жылға дейін тағы 557 жоғары технологиялық вагон жеткізу жоспарланған.
Сондай-ақ жаңа локомотивтерді жеткізуге арналған келісімшарттар да жасалған. Қазіргі уақытта инвентарлық паркте 1 813 локомотив бар, олардың тозу деңгейі – 46,2%.
– 2026-2036 жылдар аралығында 1 082 локомотив сатып алу жоспарланып отыр. Бұл тозу деңгейін 29,8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. 2026 жылдың басынан бері локомотивтер паркі 144 заманауи техникамен толықты, – деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.
ҚТЖ мәліметінше, техниканы және инфрақұрылымды жаңғыртуға жолаушылар ағынының артуы себеп болып отыр. 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша жолаушылар айналымы 5 544 млн жолаушы-шақырымды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3%-ға өсті.
Компания теміржол тасымалына сұраныс алдағы жылдары да өседі деп болжап отыр.
– 2027–2030 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, жолаушылар айналымын кезең-кезеңімен 2027 жылы – 12 058 млн, 2028 жылы – 12 353 млн, 2029 жылы – 12 780 млн және 2030 жылы 13 279 млн жолаушы-шақырымға дейін жеткізу көзделген, – деп атап өтті баспасөз қызметі.
Компанияның мәліметінше, жылжымалы құрам мен локомотивтер паркін жаңарту жолаушылар тасымалының тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін әйелдер вагондарымен 860 мың жолаушы тасымалданғаны хабарланды.