Қуаңшылық салдары: Павлодардағы егіс алқаптарының 10 пайызы нашар жағдайда

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Егістік жерлердің 78 пайызының жағдайы ғана қанағаттанарлық деп танылып отыр. Арнайы комиссия ауыртпалыққа ұшыраған аудандарды аралап, нашар жағдайдағы егістіктерді анықтап жатыр.

Қазақстанда егін орағы науқаны басталды
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары жаз басынан бері тұрып алған аптап ыстық пен қуаңшылық жергілікті фермерлерді қиын жағдайға қалдырған мәлімдеді.

— 40 күннен астам уақыт бойы жауын-шашын жаумай, құрғақ әрі ыстық ауа райы сақталып келді. Бұл егін шаруашылығына айтарлықтай теріс әсер етіп отырғаны байқалады. Құрғақшылық салдарынан облыстағы егістік жерлердің шамамен 10 пайызы нашар жағдайда. Егістік жерлердің 78 пайызының жағдайы қанағаттанарлық деп саналса, 15 пайызының жағдайы жақсы деп танылып отыр, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Есентай Мүрсәлімов.

Мамандар қазіргі уақытта егістігі қуаңшылықтан нашар жағдайға түскен деп көрсетілген аудандармен жұмыс істеп жатыр. Егін алқаптары арнайы комиссияның шығуымен тіркеліп, акті толтырылады. Кейін аудан басшысының қаулысымен немесе бұйрықпен өнім жойылған болып саналады.

Еске сала кетейік, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының, Жетісу облысы мен Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері егін орағы науқанына кірісті.