«Қуатты Қарулы Күштер - ел тыныштығының кепілі» - республикалық басылымдарға шолу

***
«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары әскери және арнауыл атақтар, сыныптық шендер алған азаматтарға дәрежелері мен марапаттарды өз қолымен табыс етті»,-деп жазады. Елбасы жоғары атақтарды алған офицерлерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтады. Салтанатты жиында Президент кейбір азаматтардың өз міндеттерін атқару кезінде қаза тапқаннан кейін де марапаттауға тура келіп тұрғандығын атап өтті. Салтанатты рәсімде қозғалған мәселелерді басылымының бүгінгі санындағы «Адал қызметке - әділ баға» атты мақаладан оқи аласыздар.
Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында «Бір өлеңнің құдіреті» атты мақала басты. Онда «Ресейде көше атына көбірек ие болған қазақтың тұғырлы тұлғаларының бірі, «Ленинградтық өренім!» атты патриоттық өлеңнің авторы - ұлы Жамбыл Жабаев жайлы баяндалған. «Бізге мәлім дерек бойынша қазір, Астрахан, Қазан, Калининград, Хабаровск, Уфа, Челябі, Волгоград, Нижний Тагиль, Салават, Стерлитамак, Грозный қалаларында Жамбыл Жабаев көшесі бар. Ұлы жыраудың атақ-даңқы аялдаған өңірдің бірі - ежелгі Санкт-Петербург қаласы. Мұнда Жамбыл атына көше берілген және сол көшеде жыр алыбының ескерткіші тұр. Бұл - қаһарлы соғыста қала қоршауға түскен кезеңде барша жұртқа «Ленинградтық өренім!» деп жалынды сөзімен дем берген қарт ақынға олардың білдірген игі құрметі»,-деп жазады басылым.
***
«Айқын» басылымы бүгіні санында Қазақстанның төртінші Қорғаныс министрі, бүгінде Мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақбаевпен болған сұхбатты жариялады. Депутаттың айтуынша, әскер заман талабына сай болуы үшін күнделікті техникасы жаңартылып, жаңа технологиялардан сырт қалмауы тиіс. Екіншіден, Қарулы Күштер құрамында білікті мамандар, арнайы дайындығы бар сарбаздар қызмет етуі керек. Ол үшін әскерде келісімшартпен жұмыс істейтіндердің болғаны маңызды. Біз алғаш осы жүйені енгізе бастаған кезде мұның қосымша қомақты қаржы көздерін қажет ететіндігін түсіндік. «Он жыл бұрын Италия өз әскерін толықтай келісімшартпен жұмыс істейтіндермен қамтамасыз ете алмады. Себебі маманданған әскери қызметкерге дұрыс жалақы төленіп, оның отбасы материалдық жағынан толық қамтамасыз етілуі тиіс»,-дейді депутат. Оның еліміздің қорғаныс саласын жетілдіруге қатысты ой-пікірлерін «Айқынның» бүгінгі санындағы «Қуатты Қарулы Күштер - ел тыныштығының кепілі» деген тақырыппен берілген мақаладан біле аласыздар.
Аталмыш басылымның жазуынша, сөз бостандығы өмір ақиқатына айналғаннан бері әркім ойына не келсе соны айтатын болды. Ең өкініштісі - өткен тарихқа үңіліп, «екшеу жасаймын» дейтіндердің не сол тарихты білмей, не ақиқатты әдейі мақсатты түрде бұрмалайтындығы. Бұл екіншідүниежүзілік соғысқа, ондағы жеңіске, жеңіскерлерге қатысты бұрмаланғанда өкініш өртейтіндей дәрежеге жетеді. Ұлы Отан соғысына қатысты тарихи мәліметтерді «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Жеңіске - қазақ, қазаққа жеңіс не берді?» атты мақаладан біле аласыздар.
***
«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы қайта қарала береді» деген мақала басты. Басылымның жазуынша, кейде біздің басқарушы элитамыз үшін тарихи оқиғалар «өтті, кетті, бітті», деп самарқаулықпен бағаланып жатады. Ал көптеген елдерде, әсіресе Еуропа елдері саясаткерлерінің осыдан бір ғасыр, кейде тіпті сан ғасыр бұрынғы оқиғаларды тап бүгін көрініс беріп жатқандай ортаға салып талқылайтыны бар. «Мәселен, поляктар осыдан 70 жыл бұрынғы Катынь оқиғасын еларалық кездесулерде жиі тілге тиек етіп, Ресей әкімшілігінен осы қастандықты мойындауын және өтемақы төлеуін талап етуде. Украиндар Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде КСРО тарапынан окупация жасалғанын, сондай-ақ украин халқына қатысты қолдан аштық ұйымдастырылғанын мойындатуды көздеп отыр»,-дей келе мақала авторы "Ұлы Отан соғысынан кім не ұтты?", деген сауал төңірегінде ой өрбітеді.
Аталмыш басылымның жазуынша, қай салада болмасын, бәсекелестік негізі құндылыққа айналып отырған қазіргі заманда ғылым мен білімсіз жетістікке жету мүмкін еместігін айтып түсіндірудің өзі артық. Барлығы да философияның «алдымен идея, содан кейін идеяны жүзеге асыру» принципіне сүйенеді. Дәл осы тұжырымға мысал ретінде ел экономикасын қарқындату мақсатында «Ғылым туралы заң» қабылданып, индустриялық-инновациялық ұзақмерзімді бағдарлама бекітілгенін айтуға болады. Әр мемлекет төрт құбыласын теңестіру үшін тер төгеді. Ғылымға көңіл аударған біздің елде сол ғылымның әскери саласының халы нешік?. Бұл туралы «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Елімізде әскери ғылымның дамуына не кедергі?» атты мақаладан біле аласыздар.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, жақын арада, нақтырақ айтқанда биылғы жаз айында мемлекеттік қаржыландыруымен тұрғын үй мен коммуналдық желілерді жөндеу жұмыстары басталады. Бұл көптен бері көкейде жүрген мәселе. Сондықтан ол «жол картасы» бағдарламасының аясында да қолға алынбақ. Тұрғын -үй коммуналдық нысандарының үштен бірі жөндеуді немесе толық ауыстыруды қажет ететіндігін ескерсек, жаңғырту шаралары қаншалықты көлемді жұмыстар атқару қажеттігін бірден ұғынуға болады. Бұл туралы «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Второе рождение ЖКХ» атты мақалада.