Кубиктен құрастырылған Ту, викторина, концерт – Астанада Рәміздер күні қалай тойланып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік рәміздер күніне орай елордада «Менің байрағым» мерекелік іс-шарасы өтті. Онда еріктілер тұрғындарға мемлекеттік рәміздер туралы викториналық сұрақтар қойып, естелік сыйлықтар табыстады. Көпқабатты үйлер терезесіне 300-ге жуық Ту ілінді. Сондай-ақ үш мың Рубик текшелерінен алып Ту бейнесі жасалды.

Рәміздер күні
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркептің айтуынша, қала көлемінде – білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік мекемелерде рәміздерге байланысты 400-ге жуық іс-шара өтіп жатыр. Сағат 11.00-де қаладағы барлық мемлекеттік, квазимемлекеттік мекемелерде ұжым болып, Әнұран айтылып, әлеуметтік желіге жарияланған. Ал бүгін кешке Бәйтерек монументі маңында «Домбыра party» өтеді.

адамдар, люди, халық
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

− Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін рәміздерімізге қатысты талаптар қатаңдау болатын. Кез келген азамат Туды өз балконына ілгенде мәселелер туындайтын. Бірақ соңғы екі жылда Мемлекет басшысы мемлекеттік Туды, рәміздерді кеңінен пайдалану керек, ел азаматтарының патриоттық сезімін еркін білдіруіне мүмкіндік сыйлау керек деген болатын. Бүгін қаламыздың ірі даңғылдары мен көшелерінде үй қасбеттері мен балкондарына Мемлекеттік Ту ілініп жатыр. Қала көшелеріне 1,5 мың көк жалауша ілінді. Сондықтан әрқашан Туымыз төрімізде болсын, үйімізде, жүрген жерімізде туымызды насихаттап, көтеріп жүрейік, − деді Сәкен Есіркеп тілшілерге берген сұхбатында.

Басқарма басшысы мемлекеттік тілді дамытуға, мемлекеттік рәміздерді насихаттауға қатысты барлық азаматтық бастаманы қолдайтынын атап өтті. Осылайша, Қазақстанда алғаш рет ауқымды спидкубинг шоуы ұйымдастырылды. Жас шеберлер үш мың Рубик кубигінен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының ауқымды бейнесін құрастырды. 

Ту
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

– Қала әкімдігі біздің портфолиомызды көріп, осы іс-шараға арнайы шақырды. Ең алдымен арнайы компьютерлік бағдарлама көмегімен Тудың эскизін жасап аламыз, оны бөлімдер мен пиксельдерге бөлеміз. Нәтижесінде биіктігі 3 метрге жететін, кубиктерден құрастырылған алып Ту бейнесі шығады. Мұнда 2 түс қана болғандықтан, шамамен 5 сағат уақытымыз жұмсалады. Кеше Елтаңбаны 10 сағат құрастырған едік. Себебі онда түс көп, алтын түсті шығару үшін сары мен сарғыш түстерді араластыру керек болды. Тұрғындар үлкен таңданыспен қарайды, кубиктен жасалғанына сенбей, фото-видеоға түсіріп жатыр. Бұрын-соңды қоғамдық орындарда мұндай іс-шара болмаған, − дейді Kazakhstan Speedcubing Federation ұйымының жетекшісі Әлихан Ертұрсын.

адамдар, люди, халық
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Бұл ретте тұрғындарға жалауша таратқанда оның сақталуы мен қолдану талаптары да қоса түсіндіріледі. 

тұрғын, адам, халық, люди
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

– Оны жерге тастамау керектігін, төрге іліп қоюды айтамыз. Мемлекеттік Ту – Тәуелсіздігіміздің нышаны ғой. Мемлекет басшысы қандай да бір елге барса, бірінші Туымыз көтеріліп, Әнұранымыз айтылады. Спортшыларымыз жеңіске жетсе, Осындай бағыттағы жұмыстарды патриоттық акция аясында да түсіндіріп өтеміз, − деді Сәкен Есіркеп.

би, өнер
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Бұған дейін Қазақстан рәміздерін қорлағандарға қандай жаза қолданылатынын хабарлаған едік. Мемлекеттік рәміздерді орынсыз пайдаланғандар Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекс бойынша, ал қорлағандар – Қылмыстық кодекс бойынша жауапкершілікке тартылады.

Сонымен бірге, Астанада 3 мың Рубик кубигінен Елтаңба бейнесі құрастырылды.

Мемлекеттік рәміздер күні Астанада 500-ге жуық іс-шара өтеді.

Соңғы жаңалықтар