Күдіктілерден ақша бопсалаған: ҰҚК полицейлерге қатысты тергеу жүргізіп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда құқық қорғау органдары қызметкерлері күдіктілерден ақша бопсалады деген күдікке ілінді.
Әлеуметтік желілерде Алматыда 8 полицей есірткіге тәуелділерден және есірткі курьерлерін ұстап, кейін оларды «түрмеге қамаймыз» деп қорқытып, үнемі ақша бопсалағаны туралы ақпарат тарады. Кейін төрт қызметкер жұмыстан шығарылғаны айтылады.
Желідегі ақпаратқа сәйкес, экс-полицейлер 10 адамнан ақша бопсалаған. Кейбіреуі 500 000 теңге, ал біреулер миллион теңгеге дейін берген.
Алматы қалалық прокуратурасы Kazinform тілшісіне қылмыстық іс тергеліп жатқанын растады. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің үстінен Қылмыстық кодекстің 362-бабы «Лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану» бойынша іс қозғалды.
Істі Алматы қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу бөлімі тергеп жатыр.
Еске салайық, Астана тұрғынынан 17,6 млн теңге бопсалаған ер адам 7 жылға сотталған еді.