Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысының биылғы 10 наурыздағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ереже бекітілді.
Жаңадан құрылған консультативтік-кеңесші орган мемлекеттік органдардың құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы қызметін үйлестіруге жауапты болады.
– Ведомствоаралық комиссияның төрағасы - Қазақстан Премьер-Министрі, ал оның орынбасары болып Ішкі істер министрі тағайындалды. Комиссия өз қызметінде Конституцияны, заңдарды, Президент пен Үкімет актілерін басшылыққа алады, - делінген құжатта.
Комиссияның жұмыс органы ретінде ҚР Ішкі істер министрлігі бекітілді. Ал комиссияның хатшысы міндетін Ішкі істер министрлігінің Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы атқарады.
Комиссияның бірегей құрамы
Комиссия құрамына еліміздің саяси басшылығы мен күштік құрылымдарының жетекшілері лауазымы бойынша толықтай енді.
Олардың қатарында Бас прокурор және ҰҚК төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасарлары - Ұлттық экономика, Жасанды интеллект және цифрлық даму, Мәдениет және ақпарат министрлері, Қаржылық мониторинг, Мемлекеттік қызмет істері, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттіктерінің басшылары, Қорғаныс, Ішкі істер, Әділет, Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Энергетика секілді барлық салалық министрлер бар.
Ережеге сәйкес, орган мынадай өкілеттіктерге ие:
- Мемлекеттік органдардың алдын алу жұмыстарына сараптама жасап, олардың тиімділігіне баға береді.
- Министрліктер мен ведомство басшыларының атқарылған жұмыстары туралы есебін тыңдап, қызметті жақсарту бойынша нұсқаулар береді.
- Құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді.
- Үкіметке, сондай-ақ облыс, қала және аудан атқарушы органдарға алдын алу шараларын күшейту жөнінде ұсыныстар жолдайды.
Аталған Жарлық 2026 жылғы 10 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді.
Айта кетейік, ІІМ 9 айда 6 мыңнан астам есірткіге қатысты қылмыстық құқықбұзушылық анықтады.