«Құқық тәртібі» республикалық операциясының өткен екі күнінде Павлодар облысында 31 қылмыстық оқиғаның беті ашылды

ПАВЛОДАР. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - «Құқық тәртібі» республикалық операциясының өткен екі күнінде Павлодар облысының полицейлері 31 қылмыстық оқиғаның бетін ашты, деп хабарлады ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.

 «Құқық тәртібі» республикалық  операциясының  өткен  екі күнінде  Павлодар облысында  31  қылмыстық  оқиғаның беті ашылды

Бұрынырақ жасалған 15 қылмыс бойынша тергеу амалдары аяқталды, іздеуде жүрген бес қылмыскер құрықталды. Оған қоса, ұрланған үш автокөлік табылды, 3,28 грамм героин және заңсыз сақталып келген 16 атыс қаруы тәркіленді.

Сондай-ақ, 1225 әкімшілік құқықбұзушылық факті тіркелді және рульге мас болып отырған 39 жүргізуші ұсталды. Қаңғыбас және қайыршылықпен айналысып жүрген 161 адам ұсталды, олардың ішінде кәмелетке толмаған тоғыз бала бар.

Қазақстан Республикасының аумағында жүріп-тұру ережелерін бұзғаны үшін 60 шетелдік азамат әкімшілік жауапқа тартылды, бес адам ел аумағынан аластатылды.

«Құқық тәртібі» операциясына полиция қызметкерлері мен ішкі әскердің әскери қызметкерлерімен бірге 700-ден астам қоғамшылар қатысуда.