«Құлайтын емес, ұшатын тікұшақтар алуға не кедергі?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Наурыздың 26-сы. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда наурыздың 26-сы, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Құлайтын  емес, ұшатын тікұшақтар алуға не кедергі?» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Қостанайдың қақ ортасында тұрған Ыбырай Алтынсариннің ескерткіші аяқасты ізім-қайым жоқ болды. Сөйтсек, қазақ даласын білім нәрімен сусындатқан «Әліппенің атасы» 40 жыл бойы «бөтен жерде» тұрып келіпті. Ол негізгі атақонысын енді таппақшы», деп жазады «Айқын» газеті «Алтынсарин «жер аударылды» атты мақаласында. Басылымның мәліметінше, ескерткіш ағартушының есімі берілген көше бойында орналасқан Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың алдына қойылмақ.

«Айқын» газетінде «Тарбағатайдағы тасқын» деген тақырыппен жарық көрген мақалада Төтенше жағдайлар министрі бастаған арнайы топ су тасқынына ұрынған Тарбағатай, Зайсан аудандарында болғандығы жазылған. Басылымның келтірген деректеріне қарағанда, қазірдің өзінде Тарбағатай ауданы бойынша 5 елді мекенді қызыл су алып кеткен. Тасқын салдарынан 650 үй, 748 қора-жай, 50 мал қыстағы су астында қалып отыр. 423 тұрғын үй, 465 қора-жай, 24 мал қыстағы бүлініп, құлаған. Сондай-ақ 1800 ірі қара, 9200 қой мен ешкі, 513 жылқы өлген.

Осы жайтты кеңінен тарқата жазған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде де жарық көрді. «Облыста 83 су қоймасы бар. Бұқтырма, Өскемен, Шүлбі, Кіші Үлбі гидростансалары қатаң кү­зетте. Бұқтырма мен Өскемен ГЭС-інің су мөлшері тұрақты азайтылып тұрады. Өскеменнің жоғары жа­ғын­дағы Кіші Үлбі жасанды су қой­ма­сының қаупі сейілер емес. Мұнда 60-80 миллион текше метр су жи­налып қалған. Су қоймасын осы­дан 75 жыл бұрын жер ауда­рыл­ған­дар кәдімгі тас, қиыршықтас, құм­мен бекітіп салған. 75 жылда күр­делі жөндеу жүргізілмеген су қой­масы апатқа ұшыраса, Өскеменнің өзегі тарыла түседі. Ендеше, су қоймасына назар аударатын кез келді. 38 орта, шағын су бөген­де­рін, 36 көлшік және оннан астам каналдарды да қамқорлыққа алсақ, ұтылмаймыз. Ертіс, Бұқтырма, Ұба өзендері және 600-ден астам кіші өзен­дер 7109 нысанға және 100 мың­нан астам адамға қауіп төндіріп тұр», деп жазады басылым.

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - экономика ғылымының кандидаты, ҚазҰТУ Экономика және бизнес институтының директоры Серік Мақыш. «Ғылымсыз ешқандай индустрияландыру алға баспайды» деген тақырыппен берілген сұхбаттың толық нұсқасын оқығыңыз келсе, басылымның жұма күнгі нөміріне назар салыңыз. Екеуара әңгіме барысында ғалым «құдайға шүкір, 50 ел емес, Үлкен жиырмалықтың қатарына кіру жоспарын дайындаса да бұған Қазақстанның инвестициялық, экономикалық, өндірістік әлеуеті толық жетеді. Бізде тек ғылыми әлеует жетіспей тұр», деп өз пікірін білдірген.

***

«Құлайтын емес, ұшатын тікұшақтар алуға не кедергі?». «Алаш айнасы» газетінде осы тақырыппен жарық көрген мақалаға елімізде тікұшақтардың апатқа ұшырауы жиілеп кетуі арқау болған. «Әуе көліктерінің апаттары біздің елімізге таңсық емес, жыл сайын біреуі құлап жатқаны. Рас, елімізде әуе көліктері жасалмайды. Сондықтан су жаңасын қымбатсынып, реті келсе, ескі болса да арзандау бағамен басқалардың ескі-құсқысын сатып алып жататынымыз жасырын емес», деп жазады басылым. Мақаланың толық нұсқасын газеттің бүгінгі нөмірінен оқи аласыздар.

«Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Ой-көкпар» айдарында экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов пен экономист-сарапшы Ілияс Исаевқа «Дипломен - ауылға» бастамасын мемлекеттік бағдарламаға айналдыру керек пе? деген сауал қойылған. Т.Есіркепов «әрине «Дипломмен - ауылға» бастамасын мемлекеттік бағдарламаға айналдыру керек. Өйткені аталмыш бастама аясында ауылға тартылып жатқан мамандардың көбісі - мұғалім, дәрігер секілді әлеуметтік сала мамандары. Ал бұл қызметкерлер, негізінен, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын қызметкерлер болғандықтан, оларды ауылға тарту бағдарламасы да мемлекеттік болғаны жөн», десе, І.Исаев «Дипломен - ауылға» бастамасын мемлекеттік бағдарламаға айналдырудың еш қажеті жоқ. Бастаманы дәл осы қалпында мемлекеттік бағдарламаға айналдырғанда жастар ауылға жүгіріп кетпейді. Ол үшін, ең алдымен, ауылға жастарды тартудың тиімді тетіктерін қарастыру керек. Мәселен, ауыл шаруашылығы экономикасын индустриалдық негізге көшірсек, жастар «Дипломмен ауылға» бағдарламасынсыз-ақ ауылға ағылар еді. Мен де барар едім», депті.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Үкімет» апталық қосымшасында бірнеше мақалалар топтамасы жарияланды. Солардың бірі - Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішевпен арада өрбіген сұхбат. Екеуара әңгіме барысында қала басшысы «әлеуметтік және экономикалық тұрақты­лықты қамтамасыз ету үшін Өскемен қаласы бойынша "Жол картасы" іс-шараларын жүзеге асыру жалғасатын болады. Келесі жобаларды 2,8 млрд. теңге сомасында іске асыру жоспарлануда. «Жол картасы» бағдарламасы арқылы біз әрбір тиынды үнемдеп, кез келген жағдайда оны тиімді қолдана білуді үйрендік. Бұл бізге алғаш жоспарланғаннан да көп нысандарды жөндеуімізге септігін тиігізді, енді біз алда да осылай қарқынды және нәтижелі жұмыс жүргізе алатын боламыз», депті.

«Маңызды міндетке жоғары жауапкершілік керек». «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Алматы қаласындағы жұмыс сапарының алғашқы күнін оңтүстік астанадағы спорттық нысандарды аралап көруден бастап, 2011 жылғы Қысқы Азия ойындары қарсаңында халықаралық шаңғы трамплині кешені және электр подстансасы құрылысымен танысқан. «Медеу» спорт кешені, «Шым­бұлақ» тау шаңғысы кешені және Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында, сонымен қатар Елбасының тапсырмасымен құрылған «ІT Университетте» болған. Осыдан кейін жиын қалалық әкімдікте ұласқан. «Қалалық әкімдіктегі жиында Алматы қаласындағы 2011 жылғы Азия ойындары нысандары құрылысы және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдар­ламасы да жан-жақты талқыланды. Жинал­ғандарға «Азияда-2011» ойынына дайын­дықтағы ұқыптылық пен жоғары жауап­кершіліктің ауадай қажеттілігін ескерткен Премьер-Министр Кәрім Мәсімов маңызды іс-шарадағы қауіпсіздік мәселесін де назардан тыс қалдырмады», деп жазады басылым.

Осы алқалы жиынға тоқталған «Алаш айнасы» газеті «бес күннен соң Елбасының тапсырмасымен жасалған «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы іске асырыла бастайды. Дағдарыс қыспағына ұшыраған кәсіпорындардың тамырына қан жүгіртетін жаңа бағдарлама үшін мемлекеттік қазынадан қомақты қаржы бөлінетін болып отыр», деп жазады «Бизнестің жол картасы» 30 млрд теңге тұрады» деген тақырыппен жарияланған мақаласында. Жиында айтылған жайттар кеңінен жазылған жоғарыдағы екі мақаланың толық нұсқасын оқығыңыз келсе, басылымдардың жұма күнгі нөмірінде назар аударыңыз.

«ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев үш күндік ресми сапармен Жапонияға келді. Бұл сапар Қазақстан тарабының Жапонияның жаңа әкімшілігімен жоғары деңгейдегі алғашқы байланысы болып табылады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Жапонияның Премьер-Министрімен кездескен Қ.Саудабаев оған Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың өзіне ыңғайлы кез келген уақытта Қазақстанға келіп-кетуі туралы жеке шақыруын және Қазақстан Президенті мен Түркия Президенті А.Гүлдің маусымның 7-9-ында Ыстамбұлда өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммитіне қатысу туралы бірлескен шақыруын табыс еткен.

***

«Экспресс-К» газетінің жазуынша, кеше Астанада Ресей Мемлекеттік думасы мен Қазақстан Парламентінің Мәжілісі арасындағы ынтымақтастық туралы палатааралық парламенттік комиссияның 8-ші отырысы өтті. Алқалы жиын барысында Жеңістің 65 жылдығына дайындық мәселелері, атап айтқанда, қазақстандық ардагерлерді естелік медальдармен марапаттау, Қызыл алаңда өтетін әскери шеруге қатыстыру қаралған. Алқалы жиын барысында аталған комиссияның тең төрағасы Олег Савченко Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуде Жеңіс күнін мерекелеу шараларына қатысуға келісім бергенін атап өткен.