Құлдық индексі, бала сату және «алтын үшбұрыш»: Қазақстанның адам саудасымен күресі

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемде адам ұрлау, құлдыққа салу, сәбилерді сату, мәжбүрлі некеге тұрғызу және жасөспірімдерді жезөкшелікке тарту сияқты қылмыстар жыл өткен сайын жасырын сипат алып, күрделене түсті. Қазақстан үшін де адам саудасы әлі өзектілігін жоғалтпаған проблема. Kazinform тілшісі қауіпті құбылыстың ауқымын, себеп-салдарын жан-жақты саралады.

құлдық
Коллаж: Kazinform / Freepik

Құлдық индексі: Қазақстан 62-орында

World Population Review халықаралық медиаплатформасының дерегіне сәйкес, Қазақстан өткен жылы құлдық индексі бойынша 157 елдің ішінде 61-орынға тұрақтаған. Көрсеткіші – 43 ұпай. Бұл ТМД және Орталық Азия елдерінің көпшілігімен салыстырғанда оң нәтиже саналады.

Себебі құлдық индексі 1-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша есептеледі. Көрсеткіш төмен болса, елдегі жағдай тұрақты деп бағаланады. Индекс екі негізгі факторға сүйенеді. Біріншісі – 100 мың адамға шаққандағы құлдықтың таралуы. Келесісі – құқық қорғау органдарының осындай қылмыстарға реакциясы.

Қазақстанда құлдықтың таралуы 100 мың адамға 1,9 жағдайдан келеді. Ал көршілес елдерде жағдай күрделірек. Құлдық деңгейі жоғары елдер қатарында Түрікменстан (11,9), Ресей (13) және Тәжікстан (14) бар. Бұл мемлекеттерде құқық қорғау органдарының мұндай қылмыстарға қарсы әрекеті де әлсіз деп бағаланған.

Ал рейтинг көшін дамыған Еуропа елдері бастап тұр. Бірінші орында – Норвегия, мұнда құлдықтың таралуы 100 мың адамға 0,5 ғана. Үздік бестікке Финляндия, Нидерланд, Португалия және Дания енген. Бұл елдерде үкіметтің адам саудасына қарсы әрекетіне берілген баға 60 ұпайдан жоғары.

индекс
Инфографика: Kazinform

Бала саудасы өршіп тұр

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті ұсынған дерекке сәйкес, соңғы жылдары Қазақстанда адам саудасына байланысты қылмыс азаймай келеді.

Ең төмен көрсеткіш 2022 жылы тіркеліп, шамамен 150 іс қозғалған. Ал 2024 жылы ол күрт өсіп, 357-ге жеткен. 2025 жылы тіркелген істер саны 16,5%-ға азайып, 298-ге дейін төмендегенімен, мамандар жағдайды әлі де алаңдатарлық деп бағалайды.

Адам саудасына қатысты қылмыстар 9 құрамнан тұрады, олардың бірі – мәжбүрлеп некеге тұрғызу. Бұл норма өткен жылы 16 қыркүйектен бастап заңға енгізіліп, алғашқы 3,5 айда ел бойынша 5 іс тіркелген. Ал тікелей адам саудасы бойынша 12 жағдай анықталған.

қылмыс
Инфографика: Kazinform

Алаңдататыны – балалар саудасына қатысты қылмыстың артуы. Бір жыл ішінде ол үш есе артып, 31 іске жеткен. Мұндай өсім Алматыда әшкереленген ірі қылмыстық желімен байланысты. Ұйымдасқан топ әлеуметтік желілер арқылы қиын жағдайға түскен жалғызбасты аналарды тауып, жаңа туған сәбилерін баласы жоқ отбасыларға сатуды ұсынған. Оқиға бойынша шамамен 20 қылмыстық іс қозғалған.

Сонымен қатар жәбірленушілердің басым бөлігі әйелдер екені анықталды. 2025 жылы әйел құрбандардың үлесі 46,5 пайыз болса, 2024 жылы ол 35,5% болған.

«Алтын үшбұрыштағы» алаяқтық

Қазақстандықтар шетелге аттанып, кейде «алтын үшбұрыш» аймағы – Мьянма, Камбоджа және Лаоста еңбек құлдығына және басқа да құқықтық қысымға ұшырайды. Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, 2022 жылдан бастап Таиланд пен Вьетнамдағы елшіліктерге еңбек қанауы, жыныстық құлдық, кибералаяқтық және еркінен тыс шектеулерден зардап шеккен 55 адам жүгінген.

Барлығы шекаралас аймақтарда зардап шеккен. Қазақстанның қай өңірінен кеткені туралы дерек жоқ. Барлығы босатылып, Қазақстанға қайтарылды. Жас ерекшелігі 18-ден 45 жасқа дейін, көбі – ер адам. Әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Олардың қатарында жұмыссыздар да, IT саласының тәжірибелі мамандары да бар. Барлығы жалған бос жұмыс орындары туралы ұсыныстарға алданған, – делінген СІМ жауабында.

Мьянма: краткий обзор и перспективы развития отношений с Казахстаном
Фото: Google Maps

Зардап шеккендердің негізгі бағыттары – Мьянма, Камбоджа және Лаос, ал Таиланд көбінесе транзиттік ел ретінде пайдаланылған.

– Адамдарды алдап тарту көбінесе әлеуметтік желілер, жалған сайттар арқылы жүзеге асады. Өз кезегінде Сыртқы істер министрлігі және шетелдегі Қазақстанның консулдық мекемелері тәулік бойы азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетеді.

Босату процесі орналасқан жерді анықтау, келіссөздер жүргізу, халықаралық ұйымдармен байланысу және Таиланд арқылы Қазақстанға қайтару жүзінде жүзеге асады, – делінген жауапта.

Заң, жазалау және құрбандарға көмек

Қазақстанда адам саудасына қарсы күрестің құқықтық негізі жаңа кезеңге өтті. 2024 жылдың шілде айында «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданып, бақылау күшейді. Мамандардың айтуынша, құжаттың күшіне енуі статистиканы нақтылауға мүмкіндік берген.

– Қылмыстық кодексте адам саудасына байланысты бірнеше бап бар. Бұл қылмыстар үшін мүлік тәркіленіп, ең жоғары жаза ретінде 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Мұндай жаза аса ауыр қылмыстар санатына жатады, – дейді ІІМ мамандары.

Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылдың басынан бері осы баптар бойынша 43 адам сотталған. Сонымен қатар 2024 жылы алғаш рет адамдарды басқа да сексуалды қызметтерге тартқаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшіне енген.

– Жаңа баптар бойынша қылмыстық фактілер тіркеліп жатыр. Олар – адамдарды басқа да сексуалды қызметтерге тарту, мәжбүрлеп ұстау, жезөкшелікті және өзге де сексуалды қызметтерді насихаттау, – делінген ресми ақпаратта.

Алайда заңнаманың күшеюі мәселенің тек бір қыры ғана. Мамандардың айтуынша, адам саудасының алдын алуда ең маңыздысы – оның психологиялық механизмін түсіну. Назарбаев университетінің психологі Сымбат Абдрахманованың сөзінше, бұл қылмыстан ең көп зардап шегетіндер – жасөспірімдер мен жастар.

– Әсіресе, 14-29 жас аралығындағы адамдар жиі құрыққа түседі. Бұл – тұлға ретінде қалыптасу, өзіндік «менін» іздеу, тәуелсіздікке ұмтылу кезеңі. Жастар эмоцияға тез беріліп, тәуекелге бейім келеді, ал болашақты бағалауда тәжірибесі аз болады, – дейді маман.

Психологтің айтуынша, қауіп тек жастармен шектелмейді. Ересек адамдар да адам саудасының құрбанына айналып жатады. Әсіресе, жұмыссыздық, қаржылық қиындық, жалғызбасты ана болу немесе мигрант мәртебесінде жүру адамның психологиялық қорғанысын әлсіретеді.

Сымбат Абдрахманова
Фото: Сымбат Абдрахманованың жеке мұрағатынан

– Үміт пен қорқыныш қатар жүрген сәтте адам қауіп-қатерді елемей, күмәнді ұсыныстарға келісуі мүмкін, – дейді ол.

Маңызды жайт – адам саудасының құрбандары міндетті түрде әлсіз немесе білімі жоқ адамдар емес. Кейде жоғары білімді, белсенді, бірақ өмірлік дағдарысқа тап болған жандар осы тұзаққа түседі. Оларды біріктіретін ортақ белгі – қолдаудың болмауы.

Психологиялық зерттеулер мен практикалық тәжірибе балалар үйінде өскен немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған адамдардың адам саудасы мен өзге де қанау түрлеріне ерекше осал екенін көрсетеді.

– Мұндай адамдарда қауіпсіздік сезімі толық қалыптаспайды. Ерте жаста ата-аналық қолдаудың болмауы әлемге деген сенімді әлсіретеді. Соның салдарынан олар ересек өмірде кез келген жылы сөзге, қамқорлық пен «саған көмектесемін» деген уәдеге тез сеніп қалады. Қылмыскерлер дәл осы эмоционалдық аштықты өз пайдасына жаратады, – дейді психолог.

Сымбат Абдрахманованың айтуынша, адам саудасы – кездейсоқ әрекет емес, алдын ала жоспарланған, жүйелі психологиялық процесс. Жәбірленушіні алдау мен тәуелді ету бірнеше кезең арқылы жүзеге асады және адамның нақты эмоциялық күйіне сүйенеді. Сондықтан алдын алуда ең мықты қорғаныс – психологиялық дағды.

– Сын тұрғысынан ойлау, жеке шекараны қорғау, эмоцияны басқару, көмек сұрай білу және манипуляцияны ажырата алу – қауіптен сақтайтын негізгі дағдылар, – деп түйіндеді психолог.

Айта кету керек, Қазақстанда адам саудасының құрбандарына мемлекет тарапынан кешенді көмек көрсетіледі.

– Зардап шеккендерге әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық көмекті қамтитын 8 түрлі қызмет ұсынылады. Ол қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағанына қарамастан көрсетіледі. Сонымен қатар жәбірленуші материалдық және моральдық зиянды өтеуді талап етуге құқылы, – делінген ІІМ ресми жауабында.

Сонымен бірге ІІМ адам саудасының алдын алу үшін азаматтарды сақтық шараларын ұстануға шақырады.

– Құқық бұзушылықтың куәгері болсаңыз, 102 нөміріне немесе 116 16 сенім телефонына хабарласыңыз. Құжаттарыңызды ешкімге бермеңіз. Күмәнді жұмыс ұсыныстарынан аулақ болыңыз. Шетелге шықпас бұрын сол елдегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігінің байланыс деректерін нақтылап алыңыз, – делінген ведомство ақпаратында.

Бұған дейін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш адам саудасын «адам құқықтарын өрескел бұзатын, жантүршігерлік қылмыс» деп атап, мәселемен күресте әлем елдері бірігуі тиістігін мәлімдеген болатын.

Шын мәнінде, адам саудасы – бір ғана мемлекеттің емес, бүкіл адамзаттың дерті. Сондықтан оған қарсы күрес құқық қорғау органдарының ғана емес, қоғамның ортақ жауапкершілігі болуы тиіс.

Соңғы жаңалықтар