Құлыбаев қоры Жаңаөзенде халықаралық деңгейдегі спорт кешенінің құрылысын бастады

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Жобаның бастамашысы елдегі ірі қайырымдылық ұйымдарының бірі – Тимур Құлыбаев жетекшілік ететін Halyk қоры, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Құлыбаев қоры Жаңаөзенде халықаралық деңгейдегі спорт кешенінің құрылысын бастады
Фото: Kazinform

Спорттық кешен 3,87 гектар аумақта салынып жатыр. Жоспарға сәйкес, нысан 9 ай ішінде пайдалануға беріледі. Жалпы құны – 1,5 млрд теңге. Кешен құрамына әмбебап спорт залдары, киім ауыстыратын бөлмелер, душ кабиналары, спорт жабдықтарын сақтайтын қоймалар, әкімшілік және техникалық бөлмелер кіреді. Сондай-ақ бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелері қарастырылған. Жоба халықтың дене шынықтырумен жаппай айналысуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Құрылыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. 

– Басымдықты бұқаралық спорт пен дене тәрбиесіне, әсіресе балаларға беру қажет. Әр облыс пен ірі аудан орталықтарында спорт секциялары ашылуы тиіс, - деген еді Президент.

Құлыбаев қоры Жаңаөзенде халықаралық деңгейдегі спорт кешенінің құрылысын бастады
Фото: Kazinform

Жаңаөзен сияқты халқы тығыз орналасқан қалада мұндай спорттық орталықтың салынуы өте өзекті әрі қажетті бастама. Кешенде балалар мен жасөспірімдерге арналған тегін үйірмелер мен секциялар ашылып, кәсіби спортшылар үшін жаттығу базасы құрылады. Сонымен қатар түрлі деңгейдегі спорт жарыстарын өткізуге мүмкіндік болады. Жоба аясында жаңа жұмыс орындары ашылып, жастардың белсенді демалысы үшін инфрақұрылым қалыптасады. 

– Жастар мен қала тұрғындары үшін осындай заманауи спорт-сауықтыру кешенінің құрылысына қолдау білдіргені үшін Halyk қорына шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл нысан тек қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтып қоймай, саламатты өмір салтын насихаттауға және өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттыруға қуатты серпін беретініне сенімдіміз. Біз әрдайым жастардың жарқын болашағы үшін жағдай жасауға дайынбыз, - деді Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаев.

Құлыбаев қоры Жаңаөзенде халықаралық деңгейдегі спорт кешенінің құрылысын бастады
Фото: Kazinform

Ал Halyk қорының директоры Сағынбек Шүнкеевтің айтуынша, аймақтардың орнықты дамуын қолдау – қор жұмысының басым бағыты. 

– Біз жастарға бағытталған жобаларға ерекше көңіл бөлеміз. Себебі жастар – Қазақстанның болашағының тірегі. Спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы қоғам денсаулығын нығайтуға және әлеуметтік әл-ауқатты арттыруға бағытталған стратегиялық жоба, - деді ол.

Айта кетейік, 2023 жылдан бері Құлыбаев қоры Маңғыстау облысын дамытуға 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлген. Бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар бастамаларға, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылым жобаларына жұмсалып жатыр. 

Құлыбаев қоры Жаңаөзенде халықаралық деңгейдегі спорт кешенінің құрылысын бастады
Фото: Kazinform

Қор жүзеге асырған маңызды бастамалар қатарында:

Бейнеудегі астық терминалын қайта жандандыру – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызды жоба;

Ақшұқыр мен С.Шапағатов ауылдарында орнатылған тұщыландыру қондырғылары – 25 мыңнан астам адамды таза ауызсумен қамтамасыз етті;

– Жаңаөзенде салынған балалар және футбол алаңдары – жастардың белсенді демалысына арналған жаңа кеңістіктер қалыптастырды.

Қор өкілдерінің айтуынша, Жаңаөзенде бой көтеріп жатқан спорт кешені жай ғана ғимарат емес. Болашақта жас ұрпақтың ерік-жігерін, тәртібін қалыптастырып, пайдалы дағдыларды меңгеруге ықпал ететін ортаға айналмақ. Бұл – сауатты, белсенді ұлт қалыптастыру жолындағы нақты қадам. 

Соңғы жаңалықтар