Құлпынай терген қазақ: Гастарбайтерге айналған отандастар мәселесі шешіле ме?

Кейінгі жылдары шетелге жұмысқа аттанған қазақстандықтардың қатары артты. Оның ішінде маусымдық жұмыс пен компаниялардың арнайы шақыртуы арқылы кеткендер көп. Сарапшылар үрдіс биыл да сақталып, тіпті үдеуі мүмкін екеніне алаңдаулы. Kazinform тілшісі мәселеге үңіліп, жағдайға әсер еткен факторларды талдап көрді.

еңбек мигранттары
Коллаж: Kazinform

Қара жұмыс: табыс пен түсінік

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы – 191 мың, өткен жылы – 140 521 қазақстандық шетелге жұмысқа кеткен. Жекелей жіктесек, отандастардың бет алған бағыты – Ресей Федерациясы, Оңтүстік Корея, Түркия, Ұлыбритания, БАӘ мемлекеттері. Ресей түсінікті, көршілес ел, барыс-келіс жеңіл. Ал шалғайдағы өзге мемлекеттерге жөнелудің сыры неде?

Қатарынан екі жыл Англияда маусымдық жұмыс істеген Думан Кеңшіліктің айтуынша, шалғай елге шекара асудың мәні жалақы мен еңбек нарығында жатыр. Жұмысшы мамандардың еңбекақысы мен шетелдегі еңбек нарығының арасы жер мен көктей. Англияда бірнеше айлық еңбек құны Қазақстандағы мазмұндас жұмыстың жылдық табысына тең. Сондықтан көбі аз уақытта қомақты табыс тауып, қордаланған несиесін бір мезетте жабу үшін кетуге мәжбүр.

«Қазақстанда ақпараттық коммуникация саласының маманы болдым, жалақым күнкөрістен аспады. Ипотека, жеке шығындар, отбасыма қолқабыс ету біршама қаражат талап ететін. Жұмыс істей жүріп қосымша табыс көзін іздеуге тырысқаным бар. Сол кезде отандық жарнама порталынан Ұлыбританиядағы құлпынай шаруашылығына жұмысшы қажет екені туралы жарнама шыға келді. Байқасам, жалақы мөлшері көп, мерзімі де қолайлы. Көп ойланбастан негізгі жұмысымнан шығуға арыз жазып, бір сәтте Англиядан бір-ақ шықтым.

Думан Кеңшілік
Фото: Думан Кеңшіліктің жеке мұрағатынан

Жасыратыны жоқ, шетелде қара жұмыс істеу - ұят емес әрі табысы мол. Себебі жергілікті тұрғындар мұндай жұмысқа қызықпайды. Біз үшін қомақты көрінетін табыс олар үшін өте аз жалақы саналады. Мысалы, Англияда құлпынай теру, жүк тасымалы секілді бағытта жұмыс істедім. Күндік жұмыс уақытым 10-12 сағат шамасында. Табыс мөлшері сағатына – 5000 теңгеден асады. Осылайша, елде жүріп төрт жылда табатын қаржыны шетелде 4-5 ай көлемінде таптым, – дейді ол.

Еуропа елдеріндегі қара жұмысқа құмартатын жалғыз қазақтар емес. Думан онда Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Румыния, Болгариядан келетін азаматтар көп дейді. Бастысы, еңбек қауіпсіздігі мен көші-қон саясатын сақтап, аз уақытта мол қаржы жию қажет. Бұл бекер емес, өйткені Еуропада жұмыс визасы 3-6 ай аралығына ғана беріледі. Мәселен, Ұлыбританиядағы TIER 5 визасының жарамдылық мерзімі – 6 ай.

Кореяның Қазақстанға қойған үш талабы қандай?

Шетелге жұмысқа бару бүгін басталған жоқ, кейінгі 5 жылда үдеген іс. Жауапты министрлік сөзіне сенсек, өткен жылдың өзінде Ұлыбританияға 4 446, БАӘ-ге – 3 000, Түркияға – 6 595, РФ-ға – 101 622 адам жұмысқа кеткен. Ал Ұлттық статистика бюросы шетелге шығатын азаматтардың басым дені техникалық, экономикалық және педагогикалық сала мамандары екенін растап отыр. Маман тапшылығы ұлғайған шақта мәселенің ушығуы еңбек нарығына әсер етпей қоймасы анық.

еңбек
Инфографика: Kazinform

Расында, ғаламтордағы жарнама-хабарландыруға көз салсақ, шетелде жұмыс ұсынатын компания саны мол. Көбі инженер, дәнекерлеуші, ауыр жүк көлігінің жүргізушісі, медицина қызметкері, аспаз, бақша күтушісі секілді маманды іздейді. Онлайн жұмыс іздеу платформасының біріне бас сұққанымызда Еуропа дәнекерлеушіге 1,3-1,7 млн теңге, инженерге – 1,7-2 млн теңге, құлпынай терушіге 1-1,5 млн теңге жалақы ұсынуда. Көбіне еңбек өтілі маңызды емес.

Ескеретін жайт бар, шетелде табыс тапқан Қазақстан азаматтары мемлекетке салық төлеуі керек. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сүйенсек, шетелден Қазақстанға келген азаматтардың қолма-қол қаражаты 10 мың АҚШ долларынан асса, кедендік декларация толтыруға міндетті. Оған қоса, елден тыс жерде табыс алған жағдайда, 10 пайыз жеке табыс салығын есептеп, тұрғылықты жеріндегі мемлекеттік кірістер органына кірістері мен мүлкі туралы декларацияны (270.00-нысан) ұсыну қажет.

Алайда, табысқа кенелемін деп сан соққан адамдардың да барын айта кету керек. Еңбек нарығында алаяқтықпен айналысатын жұмыс беруші компаниялар жоқ емес. Оның үстіне, кей мемлекеттің еңбек миграциясына қатысты талабы қатаң. Әлеуметтік желі мен БАҚ-та мұндай еңбек мигранттарының жай-күйін суреттейтін жағдайды көп көреміз. Әсіресе, жұмыс беруші компанияларға алданғандар, Корея Республикасында заңсыз жұмыс істегендердің жанайқайын білеміз.

Бүгінде Қазақстан тарапы заңсыз эмиграцияның жолын кесу жөнінде кешенді шара қабылдауға көшкен. Себебі шетелмен еңбек көші-қоны саласындағы келісім орнату үшін отандастар сол елдің заңын бұзбауы шарт. Заңсыз жұмысшылардың саны артса, келісімге келу қиындауы мүмкін. Мысалы, ҚР Корея Республикасындағы Елшілігінің ақпаратына сенсек, Оңтүстік Кореяда 17 250 қазақстандық жұмыс істейді. Оның ішінде 12 250 адам заңсыз, 5 000 қазақстандық қана заңды түрде еңбек етіп жатыр. Сондықтан еліміз үшін бұл мемлекетпен келісім орнату кезекті мәселеге айналған.

еңбек
Инфографика: Kazinform

Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен Оңтүстік Кореядағы отандастардың еңбек жағдайын оңалту үшін нендей қадам жасалатынын сұраған болатынбыз. Министрлік Кореяда жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесіне (Employment Permit System) Қазақстанды енгізу бағытында жұмыстар жүріп жатқанын айтты. Оның үстіне Корея тарапы Қазақстанға үш шарт қойыпты.

«EPS жүйесіне қосу үш кезеңді қамтиды: мемлекетішілік келісу; EPS орталығын ашуға арналған объектілермен танысу; Корея Республикасының ведомствоаралық комиссиясында шет мемлекетті EPS жүйесіне қосу туралы түпкілікті шешім қабылдау. Осы мақсатта мигранттардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау үшін құқықтық базаны жақсарту жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Алматы қаласында Корея Республикасында жұмыс істегісі келетін ел азаматтарын кәсіптік және тілдік даярлау жөніндегі көпсалалы орталық құрылады. Тестілеуді өткізуге, кәсіптік білікті арттыру бойынша оқытуға, техникалық кәсіп бөлінісін даярлауға, қайта даярлауға, медициналық тексеруден өтуге дайын бірқатар әлеуметтік және өндірістік объект айқындалды.

Бүгінгі таңда елді EPS жүйесіне қосу мәселесі Корея Республикасының жауапты мемлекеттік органдарымен мемлекетішілік келісу сатысында тұр. Сонымен қатар, Корея тарапы елді EPS жүйесіне тезірек қосу үшін үш шарт қойды. Осыған байланысты, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен (ІІМ, СІМ) бірлесіп, елді Оңтүстік Кореяның EPS жүйесіне тезірек енгізу бойынша Корея тарапы ұсынған үш шарт шеңберінде бірыңғай тәсілдерді әзірледі. Бүгінгі таңда Қазақстанды EPS жүйесіне қосудың үш шарты бойынша әзірленген бірыңғай тәсілдер бойынша корей тарапының ұстанымын күтіп отырмыз, – делінген министрліктің жауап хатында.

Айта кету керек, еларалық келісім ішінде кенжелеп тұрғаны Корея ғана. Әйтпесе, өзге мемлекеттермен келісім жүйелі жүрген. Латвия және Жаңа Зеландиямен келісім жобасы жасалса, өткен жылы Мемлекет басшысының Қатар мемлекетіне сапары аясында Қатар елімен келісімге қол қойылды. Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында Түркия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания, Корея, Израиль, Германия, Қатар секілді елдермен екіжақты келісім (меморандумдар) әзірленіп жатыр. Ұлыбритания тарапы да еңбек көші-қоны саласындағы меморандум жасасуға ниет білдірген. Ал Израиль, БАӘ, Сауд Арабиясы мемлекетімен келісім жобалары контрагенттің қарауында тұр.

«Brain Drain»: кеткендер қайтып келе ме?

Аталған қадам ендігі еңбек көшін оңалтатыны рас. Дегенмен әлеуметтанушылар еңбек миграциясының жеңілдеуі шетелден табыс іздейтіндердің қатарын көбейтіп, шетелдегілердің сол жақта тұрақтап қалуына әкеле ме деп алаңдаулы. Сарапшы Жанар Нақыпбаева бұған елдегі әлеуметтік ахуал себеп болуы мүмкін екенін жасырмады.

Жанар Нақыпбаева
Фото: Жанар Нақыпбаеваның жеке мұрағатынан

– Басым дені шетелге қысқа мерзімде қомақты қаржыға ие болу мақсатында кетеді. Қарыздарын жабу, демонстративті тұтынудан келген несие секілді мәселені шешу үшін осындай қадамға барады. Алайда шетелдегі жоғары өмір стандартына үйреніп, кейін елімізге қайтып келгісі келмей қалатын мамандар болуы мүмкін, яғни ол жақтағы еңбекақымен осында қайтып келгенде қиындық тууы ықтимал. Оның ішінде еңбекақының төмендігі, өмір сүру шарттарының қиындықтары секілді фактор бар. Дегенмен көбіне мигранттардың құндылығына да байланысты сияқты, – деді әлеуметтанушы. 

Маман сөзінің жаны бар. Шетелге кеткен отандастың көбі елге қайтқысы жоқ. Жайлы өмір, жақсы жалақы әсер ететіні түсінікті. Осылайша, білікті мамандардан айырылып жатырмыз. Қызығы, бұл - посткеңестік елдердің бәрінде бар үрдіс, тіпті дерт десе болатындай. Әлеуметтанушылар «brain drain» деп айдар таққан құбылыс бүгін-ертең тыйылмайтын секілді.

Сондықтан қоғам белсенділері мен депутаттар елдегі еңбек нарығына бақылау жасау керек деген тұжырымды жиі айтады. Есте болса, бірнеше ай бұрын Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға тақырыпқа қатысты депутаттық сауал жолдаған болатын. Оның сөзінше, жастарды шетелден нәпақа табуға итермелейтін бірнеше себеп бар. Біріншісі – қымбатшылық, екіншісі – еңбек нарығындағы төмен жалақы, үшіншіден – даярланатын мамандар мен еңбек нарығы талаптарының қайшылығы. Оның ішінде жоғары оқу орындарындағы түлектердің жұмысқа орналасу статистикасында қателік көп. Өзгерісті де осы бағыттан бастауды ұсынды.

депутат
Фото: Parlam.kz

«Ғылым және жоғары білім министрлігінің талабына сүйенсек, ЖОО рейтингін жасау кезінде университет түлегінің қаншалықты жұмыспен қамтылғаны ескеріледі. Сондықтан оқу орындары бұл бағытта мінсіз нәтиже көрсетуге құмар. Осы орайда байқала бермейтін қателік шығады. ЖОО өкілдері түлектер өзге салада жұмысқа орналасса да оларды мамандық бойынша жұмыс істейді деп көрсетеді. Бұл қателік еңбек нарығына нақты мониторинг жасауға және жоспар құруға қолбайлау болып отыр. Сондықтан университеттер нақты мамандық бойынша жұмыс істейтін түлектердің дерегін жаңартуы керек», – деді Ислам Сұңқар.

Сонымен қатар депутат әрбір ЖОО түлегіне мамандық бойынша жұмыс істеуді міндеттеу шарт деп санайды. Мұндай шешім еңбек нарығын тұрақтандыруға көмек бермек.

«Педагогика, медицина, ауыл шаруашылығы мамандықтарының түлектерін сол салада жұмыс істеуге міндеттеу бар. Бірақ өзге салада аталған ереже енгізілмеген. Осы жағын ескеретін уақыт келді», – деді депуатат.

Келесі себеп – жалақы мен қымбатшылық. Өткен жылдың ІІІ тоқсанында елдегі орташа жалақы 338 мың теңге болды. Әрине, мұндай статистикаға халық арасында сенім аз, өйткені нақты көрсеткіш анағұрлым төмен. Оның үстіне инфляция деңгейінің шарықтауы, теңге бағамының төмендеуі, салық саласындағы соңғы өзгерістер биылғы әлеуметтік ахуалдың оңай болмайтынын көрсететіндей. Аталған өзгерістер жалақы көлеміне әсер етіп, тұрмыс көрсетішіне ықпал ететіні анық. Олай болса, шетелге кететін қазақстандықтардың қатары артуы мүмкін деген сөз.

Соңғы жаңалықтар