Құлсарыдағы жарылыс: Зардап шеккендердің жағдайы қалай
АСТАНА. KAZINFORM — Құлсарыдағы «Ниет» жанар-жағар май құю бекетіндегі өрттен зардап шеккен 14 адам шұғыл түрде Жылыой аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы.

— 2025 жылғы 30 мамырдағы жағдай бойынша Құлсарыдағы «Ниет» жанар-жағар май құю бекетіндегі өрттен зардап шеккен 14 адам шұғыл түрде Жылыой аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта олардың өміріне қауіп жоқ. Бастапқы медициналық тексеру мен тиісті диагностикадан соң 10 науқас ауруханаға жатқызылды. Төрт адам амбулаториялық бақылауда. Қазіргі жағдайда ауыр реанимациялық науқас жоқ, — делінген хабарламада.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға жатқызылған 7 науқастың жағдайы — орташа ауыр, 3 пациенттікі — тұрақты.
— Зардап шеккендер тиісті медициналық көмекті толықтай қамтылды. Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша Жылыой аудандық орталық ауруханасына Атыраудан мамандар мен медицина қызметкерлері қосымша көмекке жіберілді, олардың қатарында күйік орталығының дәрігерлері де бар, — делінген басқарма таратқан мәліметте.
Бұған дейін Құлсарыда газ-ауа қоспасы жарылып, 2 адам қаза тапқанын жаздық.
Кейіннен Серік Шәпкенов Құлсарыдағы жанар-жағар май бекетінде болған өртке қатысты жедел штаб отырысын өткізді.