Құлсарыдағы жарылыс жанар-жағармай бекетіндегі резервуарға газ құю кезінде болған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Құлсары қаласында газ таситын көліктен жанар-жағар май бекетіндегі резервуарға газ құю кезінде жарылыс болғаны анықталды.

Бұл туралы Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Назарали Селимов хабарлады.
– Газ таситын көліктен резервуарға газ құйылған. Сол кезде жарылыс болған. Жарылыс салдарынан жанар-жағармай бекетінің қасындағы 1 қабатты нысан мен 2 қабатты ғимарат жанып кеткені анықталды. Жалын шарпыған аумақ – 450 шаршы метр. Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінен 60 адам, 10 техника тартылды, - деп мәлім етті Назарали Селимов.
Сондай-ақ, Мақат ауданының Доссор кентінен, Құлсары қаласына таяу орналасқан Жаңақаратон кентінен арнайы техникалар мен өрт сөндірушілер көмекке келген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсарыда газ-ауа қоспасы жарылып, 2 адам қаза тапқанын жазған болатынбыз.
Кейін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсарыдағы жарылысқа байланысты жедел штаб отырысын өткізді.
Сондай-ақ дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты.
Ал полицейлер Құлсарыдағы жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғады.
Құлсарыда жанар-жағармай бекетіндегі өрт сөндірілгенін хабарлаған едік.