Құлықсыздық жойылса, жұмыссыздық та ауыздықталады...
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстанда жұмыссыздық деген болмауы керек. Өйткені, біздің елімізде жұмыссыздықты өршітпеуге барлық ресурстар да, мүмкіндіктер де баршылық». «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезінде Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтқан еді. Мемлекет басшысы келтірген мәліметтерге қарағанда, әлемде 1 млрд. 700 миллион адам еңбекке қабілетті болса, 250 миллион адам жұмыссыздық шырмауында, дүниедегі 7 млрд адамның ішінде тек 1,2 млрд. адам ғана тұрақты жұмыспен қамтылған.
Шындығында, дағдарыста әлеуметтік қысымның күші негізінен жұмыссыздыққа түсетіні анық. Әлемдегі құбылыстар да осы мәселенің әлемнің қайсыбір Үкіметі үшін де өзекті екенін аңғартып отыр. Жұмыссыздық, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздық өршісе қоғамдағы толқыныс ықтималы да артады, тіпті жұмыссыздық әлеуметтік қылмыс көрсеткіштерінің өршуіне де себеп болады. Ендеше, бүгінгідей жаһандық дағдарыс жағдайында жаппай қысқартулардың белең алуына жол бермей, бос жұмыс орындарының ашылуын қолдау, ынталандыруға жағдайлар жасалуы маңызды.
Айта кетерлігі, бұған дейінгі дағдарыстармен күресте жұмыссыздықты ауыздықтау бағытында елімізде біршама тәжірибелер жинақталғаны анық. Бұның тиімділігіне орай, ҚР Президенті бұған дейінгі «Жұмыспен қамтудың жол картасын» жалғастыруды қолдаған болатын. Бұл ғана емес, еліміздегі кәсіпкерлікті қолдау, өңірлерді дамыту, ауыл шаруашылығын дамыту секілді сан-салалы бағдарламалар да жұмыссыздыққа қарсы шараларды қамтиды. Тұтастай алғанда, Қазақстанда тиісті бағдарламалар мен қаржылық қолдау тетіктері қамтылып, «Жұмыспен қамтудың жол картасын» өзектендіру арқылы еңбек адамдарына қолдау көрсетіліп жатыр. Соның арқасында Еуропа елдеріндегі секілді жағдай ушыққан емес, керісінше «бос жүрмеймін, еңбек етемін» деген ынталыға қазір жұмыс табудың жағдайлары жасалып жатыр. Әйтсе де, алдағы күндердің қалай болатыны болжанбай тұрған заманда, жұмыссыздықпен күресті жандандыра берудің маңызы артып жатқаны белгілі. Бұл ретте Елбасы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы жобаларды жүзеге асыру арқылы алдағы бірнеше жылдың ішінде 400 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берілетінін айтқан болатын. «Біз еңбек адамдарына «Жұмыспен қамту-2020» Жол картасының маңыздылығын арттыру арқылы қолдау көрсетеміз. 2015 жылы «Нұрлы Жол» бағдарламасына 770 миллиард теңге қарастырылды, ол 93 пайызға игерілді. 500 шақырымға жуық автомобиль жолы салынды, қайта жөнделді. 7000 пәтер салынды, оған қосымша Тұрғын үй құрылыс-жинақ банкі арқылы 3700 пәтер берілді, сондай-ақ, 51 білім беру нысаны іске қосылды. Кәсіпкерлікті қолдауға 100 миллиард теңге бөлінді. Агроөнеркәсіп кешеніне, автоөндірушілерге және басқа да салаларға көмек көрсетілді. Бұл - бір жылғы жұмыстың нәтижесі. Алдағы уақытта жеке бизнесті, жұмысшыларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру ісін қаржыландыру көлемі ұлғайтылады. Жалпы, «Нұрлы Жол» жобаларын жүзеге асыру барысы таяу жылдарда 400 мың жұмыс орнының ашылуын қамтамасыз етеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Түйіндей айтқанда, әлемдік экономиканың еліміздің дамуына ықпал етуі жағдайында халықты жұмыспен қамту мәселесі айрықша өзекті болып отыр. Сондықтан да, Елбасы тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі «Жұмыспен қамту туралы» жаңа заң жобасын әзірлеген болатын. Бұл құжат Сенатта таныстырылды.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жаңа редакциядағы заң жобасы Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Бұл ретте өзгерістер негізінен экономиканың тиімділігін арттыру мен құрылымын өзгерту мүмкіндігін қамтамасыз ететін сапалы еңбек нарығын құруға бағытталады. Ал құжатты әзірлеу барысында Халықаралық еңбек ұйымының негізгі қағидалары есепке алынып, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибелеріне назар аударылған. «Заң жобасы бойынша жауапкершілігін күшейте отырып, жұмыссыз статусын беру рәсімін өзгерту қарастырылады. Бұл үшін жұмысқа орналасу мақсатымен жұмыспен қамту орталығына хабарласқан жеке тұлғаға ең алдымен «жұмыс іздеуші тұлға» деген статус беріледі. Сосын жұмыс іздеп келген адамға он күнде нарықтағы бос орындар ішінен тиісті жұмыс орнын іздеуге көмек көрсетіледі. Егер осы уақыт аралығында көзделген жұмыс табылмаса, сонда ғана бұл адамға «жұмыссыз» статусы беріліп, жұмыс іздеуші жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға жіберіледі», - деді Т. Дүйсенова.
Айта кетерлігі, министрлік алдағы уақытта жұмыспен қамтуға жеңіл-желпі қарамайтындығын аңғартып отыр. Бұл ретте ең алдымен заң жобасы арқылы жұмыссыздық статусын берудің үдерісі арқылы жұмыссыздарды формальды тіркеуді жою көзделеді. Сосын жұмыс іздеу, жұмысқа орналастыру үдерісі қарқынды дамитын болады. Бұның себебі де жоқ емес. Өйткені, осының алдында ғана ведомство басшысы Қазақстанда жыл сайын 17 мыңға тарта бос жұмыс орны игерілмей қалып жатқанын мәлімдеген болатын. Ендеше, елдегі жұмыс мәселесін тиімді ұйымдастырсақ Қазақстанда шын мәнінде жұмыссыздардың болмайтыны анық еді. Сондықтан да, заңдағы басты жаңалықтың бірі жұмыссыздық статусын берудегі өзгерістер болса, ондай статус тек ол адамға лайықты жұмыс табылмаған жағдайға ғана берілетіні қамтылып отыр.
Министр Тамара Дүйсенованың айтуынша, Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыздар үшін әртүрлі кәсіптер бойынша жұмыс берушілер ұсынатын мәліметтер базасынан бос жұмыс орнын табумен белсенді түрде айналысатын болады. Сосын табылған жұмыс орындарына жұмыссыз адам жолданады. «Заң жобасына сәйкес, егер жұмыс іздеушіге лайықты келетін жұмыстар үшін оқыту қажет болса, онда жұмыс іздеушілер арнайы курстарға жолданады. Сонымен қатар, жұмыс іздеуші тұлға әрбір үш күн сайын өзі Халықты жұмыспен қамту орталығына барып тұруы тиіс. Осы арқылы оның белсенді жұмыс іздеп жүргені нақтыланады және ол нақтыланбаса онда он күн ішінде тұлға жұмыссыз статусын ала алмайды», -деді Т. Дүйсенова. Бір сөзбен айтсақ, алдағы уақытта заң арқылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысатын тұлғалар санаты кеңейе түседі.
Бұл ретте кәсіби оқыту шараларына жұмыс іздеп жүрген азаматтар, жұмыссыздармен қатар, еңбек келісімшарты бойынша жұмыс істеп жүрген тұлғалар бағытталады. Әлеуметтік жұмыс орындары жұмыссыз азаматтарға беріледі. Жастар практикасына 29 жасқа дейінгі білім беру ұйымдары түлектерінің арасындағы жұмыссыздар жіберілетін болады. Қоғамдық жұмыстарға жұмыссыздармен бірге, студенттер мен жазғы демалыс мерзіміндегі жалпы білім беретін мектептердің жоғарғы сынып оқушылары, кәсіпорынның жұмысы тоқтатылып қалған уақытында жұмыспен қамтылмаған азаматтарды орналастыру да ұсынылып отыр. Сонымен қатар, заң жобасы мүгедектерді, пробация қызметінде есепте тұрған тұлғаларды, бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан азаматтар мен интернаттық ұйымдардың кәмелет жасына толмаған түлектерін жұмысқа орналастыру үшін квота бөлуді қарастырмақ.
Жұмыспен қамту бағытындағы тағы бір маңызды шара - Қазақстан еңбек нарығының көрсеткіштерін халықаралық стандарттарға көшіретін болады. «Біздің алдымызға әлемнің отыз дамыған елінің қатарына ену туралы тапсырма жүктеліп отыр. Сондықтан да, біз осы елдердің халықаралық стандарттарын сатылап енгізуге тиіспіз. Халықаралық еңбек ұйымының қағидаттарына сәйкес, аталған елдерде еңбек нарығын көрсеткіштерін өлшеу біраз өзгеше. Мәселен, «экономикалық белсенді халық» дегеннің орнына «жұмыс күші» деп көрсетіледі, сосын жұмыс күшіне кірмейтін тұлғалар жеке айқындалады. Қазіргі күні ЭЫДҰ елдерінде экономикалық белсенді халықтың құрамына жалдамалы жұмысшылар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар да кіреді», - дейді Тамара Дүйсенова. Оның айтуынша, ЭЫДҰ елдерінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына сатуға шығарылатын өнімдер шығарып, табыс табатындар жатады. Ал өзі пайдалану үшін өнім шығаратын халық «жұмыс күші» құрылымына жатқызылмайды. «Біз де осы тәсілді қолданатын боламыз. Осылайша, өзі пайдалану үшін өнім шығаратын азаматтар және жұмыс істей алатын, тек жұмысы жоқтығынан жұмысқа орналаспаған немесе жұмыс іздеп жүрген адамдар санаты жұмыссыздар ретінде саналуы тиіс. Мәселен, бұл тұлғаларға бала күтіміне байланысты демалысқа шыққандар, мүгедек баланы қарайтын аналар, үй шаруашылығымен айналысатын адамдар, өзінің жеке қосалқы шаруашылығымен айналысатын тұлғалар жатады. Ал біз бүгінгі күні бұл тұлғалардың бәрін өзін өзі жұмыспен қамтығандар деп атап жүрміз. Енді жаңа халықаралық стандарттар енгізілсе, олар экономикалық белсенді емес топқа жатады және статустары бойынша әлеуметтік немесе мемлекеттік қолдауды талап ете алады», - дейді Тамара Дүйсенова.
Жұрт біле жүретін тағы бір заңнамалық новелла әлеуметтік көмек жұмысқа жарамды азаматтарға жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан жағдайда ғана беріледі. Бұл норма 2018 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Бұл үшін жұмыссыз азаматтар мен жұмыспен қамту орталықтары арасында әлеуметтік келісімшарт жасалатын болады. Яғни, жұмыссыздарға тек ақшалай көмек ұсынылмайды, оған жұмысқа орналасуға көмек беріледі. Сосын қажет болған жағдайда қайта даярлау мен кәсіби біліктілігін арттыру үшін әртүрлі курстарға жіберіледі.
Еңбек нарығындағы өңірлік сәйкессіздіктерді жою шаралары да қамтылып отыр. Осы мақсатта әлеуметтік-экономикалық әлеуеті төмен елді-мекендердегі азаматтарды жұмыс берушінің талаптарына сай әлеуеті жоғары елді-мекендерге көшіру көзделеді. Бұл ретте аймақтық қоныс аударушыларға берілетін квоталар аясында Үкімет белгілеген аймақтарға тұлғаларды жұмыспен қамту мақсатында ерікті қоныс аудару ісін жандандыруға негізделген жаңа шара қарастырылады.
Түйіндей айтсақ, жұмыс істеймін, жұмыс іздеймін деген адамға енді бар жағдай жасалмақ. Ең бастысы бұған құлық болуы керек. Құлықсыздық жоғалса, жұмыссыздық та құритын болады.