Құлжа несімен тартымды: қандастардың қонақжайлығы туристерді тәнті етті
ҮРІМЖІ. KAZINFORM — Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына қарасты Құлжа (Инин) қаласы - туристер көп баратын аймақтың бірі. Бұл өңірдің Қазақстанмен тарихи байланыстары терең. Географиялық орналасуы мен қазақ қандастардың шоғырлануына байланысты бұл қала екі ел арасындағы мәдени және экономикалық қатынастардың маңызды орталығына айналды. ҚХР-дың Қазақстандағы Елшілігі ұйымдастырған ақпараттық саяхат кезінде жергілікті тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысудың сәті түсті.
Құлжаға қалай жетуге болады?
2023 жылғы 10 қарашадан бастап Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим енгізілсе, 2024 жылы Қытайда Қазақстан туризмінің жылы өтті.
Ал 2025 жыл Қазақстанда Қытай туризмінің жылы болып жарияланған. Осыған орай әуе рейстердің жиілігін арттыру мемлекетаралық байланыстарды нығайтып, туристер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл ретте, Алматы – Инин (Құлжа) – Алматы әуе бағыты бойынша ұшу жиілігі артып келеді. Туристердің біразы Астана мен Алматыдан Үрімжіге жетіп, кейін Құлжаға ұшақпен барып жатыр. Мұнымен қоса, осы қалаға Қазақстаннан автокөлікпен немесе автобуспен сапарлауға болады. Құлжа Қытай мен Қазақстан шекарасындағы маңызды көлік торабы – Қорғасқа жақын жерде орналасқан. Сондықтан бұл шаһарға сапарлайтындардың қарасы қалың.
Ұлттық сипаттағы Қазаншы туристік көшесі

Фольклорлық туризм дамыған осы аймақта түрлі-түсті үйлерді, қолөнер дүкендерін, саналуан сәулет нысандарын тамашалауға болады. Бір-біріне тығыз орналасқан жер үйлерде қазақтар, ұйғырлар, татарлар, өзбектер, орыстар және өзге ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Құлжаға келген туристер көбіне осында серуендеп, фотосуретке түсіп жатады. Бұл аймақ өзінің дәстүрлі қолөнерімен, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың қонақжайлығымен танымал.



Құлжаның тумасы Құрметжан Мамеджан ақсақал қазір осы туристік аймақта күнделікті қонақ күтіп алуды мақтан тұтады.
- Қазір зейнеткермін. Бала-шағам осы жақта. Халқы тату осы шаһар өзіме ұнайды. Қаламыз дамып келеді. Қазақ, ұйғыр, қырғыз, моңғол, татар және өзге де ұлт өкілдері бір-біріне жәрдемдесіп, ынтымақта өмір сүріп жатыр. Қазақтар мал шаруашылығын жақсы дамытып келеді, - дейді қонақжай зейнеткер.
Біз осы үйдің ауласына жақындаған кезде, ақсақалдың бала-шағасы дастархан жайып, барша мейманды күтіп алды.
- Қазақстаннан туристер көп келеді. Қазір күз мезгілінде күн суытқан соң ғана қонақтар сәл азайып қалды. Жаз кезінде күніне 500-ге тарта саяхатшы келетін еді. Меймандарға біздің салт-дәстүріміз, ынтымағымыз ұнайды, - деді Қ. Мамеджан.
Этонографиялық музей
Қазаншы туристік аймағына жақын жерде Құлжадағы ұлт өкілдеріне арналған музей бар. Бұл нысанға барша Қытай мен шетелден келген туристер міндетті түрде ат басын бұрады.


Экспонаттар арасында қазақтың, қырғыздың, татардың, ұйғырдың және моңғолдың ұлттық киімдері, қолөнер бұйымдары қойылған. Осында Қытайдағы әр этностың салт-дәстүрі бойынша егжей-тегжейлі ақпарат алып, көне жәдігерлермен танысуға болады.


Іледегі Шэньси мешіті
Құлжадағы Шэньси мешіті - дүнгендер мешіті деп те аталады. Бұл мешіт Қытайдың провинциялық мәдени мұра нысаны ретінде қорғалады. Бұл нысан 1751 жылы салынған және Іле өңірінде алғашқы бой көтерген мешіттердің бірі. Сонымен қатар, ол Қытайдың Цин дәуірінде салынған Іле аймағындағы тоғыз қаланың ішіндегі ең үлкен Ислам мешіті саналады.

Мешіттің бастапқы аумағы шамамен 6000 шаршы метр болған. Оның сәулеттік пішіні мен орналасуы Шэньси провинциясының Сиань қаласындағы Хуажуэ мешітіне (ұлттық мәдени мұра нысаны) ұқсатылып салынған.


Мешіттің сәулеттік стилі Қытайдың дәстүрлі құрылыс әдістеріне негізделген. Ғимарат ежелгі әрі талғампаз, салтанатты әрі ұлы пішінге ие. Сондай-ақ араб-ислам стилінің элементтері де кездеседі. Намаз залы ішкі, сыртқы және ортаңғы бөліктерден тұрады, жалпы ауданы 600 шаршы метрден асады және мың адамға дейін намаз оқуға мүмкіндік береді.

Люсин көшесі
Думанға бөленген осындай көркем көшенің бойында Қытайдағы аз ұлттардың дәстүрлі үйлері орналасқан. Бұл аумақта қазақ, ұйғыр, хань, дүнген, орыс және басқа этнос өкілдері тұрады.

Люсин көшесінің сәулетінде қытай және еуропа үлгісіндегі нысандар өзара үйлесіп тұр. Мұнда түрлі музейлерді, ұлттық нақыштағы дүкендерді, мәдени орталықтарды тамашалауға болады.

Туристерге міндетті түрде Аккордеон музейіне баруға кеңес берер едік. Коллекциясында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жүздеген экспонатты қарап шығуға бірнеше сағат керек.



Бұл музейді Іле тумасы Александр Зазулин есімді музыкант құрған. Қазақ, ұйғыр, орыс және қытай тілдерін меңгерген Александр әр елден алып келген 1 мыңға жуық аккордеонды осы музейге жинап отыр. Олардың арасында қазақтың ұлттық аспаптары да баршылық.
Айтпақшы, осы музейде өзінің ансамблі де бар. «Ұлттар ынтымағы» деп аталатын осы ансамбль мүшесі Таңнар есімді қазақ жігітпен таныстық. Олар Қазақстаннан келген делегация өкілдеріне арнап «Дудар-ай» әнін орындап берді.
Люсин көшесінің бойындағы үйлердің бірінде Қабидолла Көкеш есімді зейнеткердің отбасы тұрып жатыр.

- Бізді жергілікті тұрғындар көпұлтты әулет деп атайды. Әкем – қазақ, анам – орыс. Бала-шағам осында. Қазақстанда әкемнің туыстары бар, олармен араласып тұрамыз. Әйелім ұйғыр ұлтынан, ал бауырымның өмірлік жары - дүнген. Орыс нағашыларым мені Алик деп атайды. Қазір зейнетке шыққаннан кейін қонақ күтумен айналысамыз. Люсин көшесіне келген туристер ат басын бұрып, тынығып алады. Жайлаудан ет алдыртып, келген қонақтың бәрін күтеміз. Барлық ұлттың тағамын дайындау қолдан келеді, - дейді Қ. Көкеш.
Нарат жайлауы
Құлжа тұрғындары табиғаты тамаша жайлауларға баруға кеңес беріп жатады. Соның бірі – Нарат. Жазда да, қыста да адамдар ағылып жатқан туристік орын. Бұл жайлауда жылдың кез келген мезгілі ерекше.

Сонымен қатар, Нылқы ауданындағы жайлаулар көркі көз арбайтын әсем табиғатымен жұртқа танымал. Бұл алқапта ара шаруашылығы жақсы дамыған.

Бұл жақта тұлпарларымен атағы шыққан Моңғолкүредегі жылқы өсіру шаруашылығының тамыры тереңде. Іле тұқымын өсіретін бұл ауданда мыңдаған жылқы бар. Қытай ауыл шаруашылығы министрлігі 2003 жылы Моңғолкүре ауданына «Қытайдың тұлпар мекені» деген атақ берген.
Сондықтан қаланың қарбаласынан шаршағандар осы жайлауларда тыныштықта рахаттана алады. Туристер мұнда арнайы тігілген шатырларда немесе киіз үйлерде орналасады.
Қорғас бекеті
Қазақстан мен Қытайдың шекарасындағы Қорғасқа келген саудагерлер де, туристер де автокөлікпен бір сағаттық жердегі Құлжаға баруға тырысады. Сондай-ақ Құлжадағы туристер де Қорғасқа жиі сапарлайды. Бұл жерде жылдың кез келген мезгілінде сауда қызып тұрады.



Іле өзенінің жағалауы
Іле өзені - Шыңжаңның негізгі су артериясы. Жаз кезінде Құлжа өңіріндегі жергілікті тұрғындар өзен жағасына көп барады. Қаладағы жағалау серуендеуге және фотосессияға тамаша орын деп саналады.



Іле өзенінің көпірі – Іле қаласының оңтүстігінен 5 шақырым қашықтықта орналасқан, 1975 жылы салынған Шыңжаңдағы алғашқы заманауи көпір. 1959 жылы ағаш көпір ретінде басталып, 1975 жылы темірбетоннан жасалған қос доғалы көпірге жаңартылды. Екі жағында жаяу жүргіншілер жолы және өрнекті цемент қоршаулары бар. Жағалаудағы саябақ демалыс үшін тартымды орынға айналған.